Вице-президент, Конституциядағы өзгеріс, Парламент реформасы: Ұлттық құрылтайда не айтылды
Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтай елдің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға ретінде тарихта қалмақ. Себебі алқалы жиында қоғамдағы өзекті мәселелер мен мемлекеттік құрылымға қатысты маңызды шешімдерді естідік. Kazinform аналитикалық шолушысы Президенттің Парламентті реформалау туралы ұстанымын және Конституциядағы ықтимал өзгерістер қалай жүзеге асатынын сараптады.
Бір палаталы Парламент
Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың ішінде қоғам назарын ерекше аудартқаны – бір палаталы Парламент құру бастамасы. Бұл кездейсоқ көтерілген мәселе емес, өткен жылы идеяны Президент Жолдауында ұсынып, қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Содан бері заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыруға қатысты пікірталас үзілмей келеді. Өйткені, қазір екі палаталы Парламенттік жүйе тұрақты жұмыс істегенімен, кей жағдайда заң қабылдау процесін созбалаңға салып, бюрократиялық кедергілер кездесіп отыр. Ал қоғам қажетті заңдық құжаттардың тез әрі сапалы қабылданғанын қалайды. Сондықтан алдағы жылдары Парламент қызметі түбегейлі қайта жасақталады және бұрынғыдай Мәжіліс пен Сенат болып бөлінбей, біртұтас құрылымға айналмақ. Ретімен тарқатайық.
Алдымен жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беру ұсынылды. Президенттің сөзінше, бұл қадам Құрылтай атауын маңызды мемлекеттік институттың символына айналдыру үшін таңдалған.
Ең маңызды өзгеріс Парламенттің құрылымына қатысты болып отыр. Соның ішінде көп өзгеріс депутаттық корпустан байқалды. Мысалы, енді Парламенттегі депутат саны 145 болады, олар пропорционалды жүйе қағидатымен сайланбақ. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек. Оған қоса Парламенттегі Президент квотасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы деген болмайды. Тек жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталар сақталады.
Сарапшылар бір палаталы жүйеге көшудің бірнеше ұтымды тұсын айтады. Біріншіден, кез келген шешім тез қабылданады. Екіншіден, бюрократиялық шығындар азаяды. Үшіншіден, Парламент жүйесі ашық әрі қарапайым болады деген сөз. Тіпті аталған реформа саяси мүдде қақтығысын азайтады деген де болжам бар.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың пікірінше, бір палаталы Парламентте заң қабылдану процесі жеңілдеуі мүмкін.
ҚСЗИ-дің өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы Данара Саранованың айтуынша, жаңа формат Парламенттің кәсіби деңгейін көтереді. Депутаттар заң қабылдаумен шектелмей, ауқымды реформаларды нақты іске асырып, оларды жан-жақты сүйемелдей алатындай қабілетке ие болады.
Данара Саранова депутаттарды сайлауда қолданылатын пропорционалды жүйе саяси мүдделердің тепе-теңдігін сақтайды деген ойда.
Партиялар тарихының жаңа парағы
Қазір әлемдегі 190-ға жуық елдің 107-сі бір палаталы парламентті мемлекеттер саналады. Қазақстан да осы қатарға қосылмақшы. Осы орайда Президент Ұлттық құрылтайда бірқатар сауалдың жауабын айтты: партиялардың Парламентке өту межесі қазіргі 5 пайыз күйінде қалады.
Аталған шешімнің тиімді тұсын ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова да қолдап отыр. Оның айтуынша, бес пайыздық меже партиялар арасындағы бәсекені арттыруға септеседі.
Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылады
Мұндай ұсынысты Мемлекет басшысы айтты. Президенттің сөзінше, елде қоғамдық дамуға қатысты барлық мәселе бойынша жалпыхалықтық диалог өткізу үшін жаңа ауқымды платформа қажет. Ол Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құзыретін қоса атқаруы ықтимал.
Данара Саранованың болжамынша, Халық Кеңесінің маңызы Ұлттық құрылтайда айтылған басқа реформалардан кем емес. Өйткені Халық Кеңесі жалпыұлттық диалогтің тұрақты алаңына айналады әрі оған заң шығару бастамасы құқығының берілуі оның мәртебесін айтарлықтай күшейтері анық.
Әзірге белгілісі, Қазақстанның Халық Кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңестің құрамына 126 адам кіреді деп ұсынылып отыр: оның 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі ірі қоғамдық бірлестіктерден және 42-сі мәслихаттар мен аймақтық қоғамдық кеңестерден енбек.
Вице-президент лауазымы енгізіледі
Құрылтайда мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазымдарға қатысты шешімдердің шет-жағасын естідік. Мысалы, болашақта Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады, оған қоса вице-президент деген лауазым пайда болмақ. Мемлекет басшысының айтуынша, осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді.
Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Президент өзі белгілейді. Сонымен Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:
• Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
• Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;
• Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;
• Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.
Мұндай ауыс-түйіс өзге маңызды мемлекеттік жүйелерде де жүзеге асатын болды. Жаңшылдықты Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылым мен Президент Әкімшілігінен де көруіміз ғажап емес.
Конституция қайта жазыла ма?
Құрылтайда Ата заңды күзеп-түзеу туралы да айтылды. Әсіресе мазмұндық сипаты мен ондаған бап қайта жазылмақ. Президент әдепкіде Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланғанымен, кейін өзге де баптарға түзету енгізу қажеті белгілі болғанын жасырмады. Егер халық референдум нәтижесінде Ата Заңды өзгертуге келіссе, Конституция отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде басқаша болады деген сөз.
Бастыларын айтайық. Алдымен Президентті сайлауға қатысты тұс маңызды. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Осы тәртіппен биліктің берілуі шегеленген. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, яғни «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қағиданы өзгертуге ниетті.
2022 жылы Конституциядағы 33 бапқа түзету енгені белгілі. Сол кезде суперпрезиденттік модельден ықпалды парламенттік республикаға бет бұрдық. Өлім жазасы біржола жойылды, Конституциялық сот қайта құрылды, президенттің туыстарына лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.
Ендігі түзетулер де саяси жүйені одан әрі жетілдіре түсетіні күмәнсіз. Бастысы, Президент Конституция мәтініндегі терминологиялық, стильдік кемшіліктерді түзетуге мән берді. Көбі сүйсінген идеяның бірі – «Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек» деген ой.
Ата заңның өткенмен байланысы ғана емес, болашақпен үндесуі де назарға алынады. Президент Конституцияда цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі қалыптасуы керек деп кесіп айтты.
Қыз алып қашуға тоқтам керек
Бұл жолы Ұлттық құрылтай өзінің сипатын аша түсті. Қоғамдағы мәдени-рухани, саяси-экономикалық мәселелер көп айтылғанын білеміз. Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде-ақ 200-ден астам ұсыныс естілді. Соның ішінде ғылымды экономикаға бейімдеу, қалдықтарды өңдеу, құрылыс компанияларын қадағалау, кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие жүйесін енгізу, шекара аумағындағы халықтың жай-күйін жақсарту тақырыптары талқыланды.
Президент те әлеуметтік мәселелерді көтеруден қалыс қалған жоқ. Шымкентте Нұрай есімді қыздың кісі қолынан қаза табуы бүкіл елді дүрліктіргенін айтты. Ізінше «Қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды», – деп түйіндеді.
Халықты алаңдатқан Салық кодексіне қатысты ойын да бүкпеді, тіпті «Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі - қасиетті кітап емес», – деп тұспалдай сөйлегені де бар.
P.S. Жылдағы дәстүр жалғасып, Ұлттық құрылтайда өзекті олқылықтар ортаға тасталды. Екі күнде мінберге шыққандардың әрбірі халықтың ойында жүрген мәселелерді жұмыр жеткізіп, шешу жолын қоса ұсынғанын көрдік. Ендігі нәтиже құзырлы органдардың жүйелі жұмысына тәуелді.
Мақала авторы: Ерсін Шамшадин / kazinform