Облыс әкімі Бесқарағай ауданындағы шаруа қожалықтарына барды
Өңіріміздегі ірі ауыл шаруашылық құрылымдарының бірі «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 140-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бесқарағай ауданы Стеклянка ауылындағы бөлімшесінде 30 адам еңбек етеді. Шаруашылықта 600 басқа арналған сүтті-тауарлы ферма, сүт өңдеу цехы және жабы тұқымды 1000 бас жылқы бар. Серіктестік 2023-2025 жылдар аралығында жаңа техника мен мал сатып алып, өндірістік әлеуетін арттырды.
2024 жылы кәсіпорын агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу бағдарламасы аясында сүтті-тауарлы ферманы кеңейту үшін 1 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге ауқымды жаңғырту жұмысын бастады. Осы арқылы шаруашылық заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізіп, жоғары өнімді асыл тұқымды аналық сиыр және жаңа техникалар алды.
«Қалиқанұлы» шаруа қожалығының басшысы Марат Каликов аймақ басшысына шаруашылық өндірістік қуатын жылдан жылға кеңейтіп келе жатқанын айтты. Қазіргі уақытта кәсіпорын Семей қаласындағы «Айша» серіктестігімен бірлесіп, сүт өндіру және өңдеу бағытында табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде сүт, айран, қаймақ, сүзбе, май сияқты өнімдермен қатар, шұжық өнімдерінің 20-ға жуық түрін шығарады.
Өндірісті дамыту мақсатында Германияның «ZVE Zuchtvieh-Export GmbH» компаниясымен голштино-фриз және симменталь тұқымды сиырды жеткізуге, табынды жемшөппен қамтамасыз ету үшін Швейцарияның «Eurasia Group AG» компаниясымен жоғары технологиялы жемшөп дайындайтын техника алуға келісім жасалды. Сонымен қатар, Түркияның «KURTSAN» компаниясымен толық автоматтандырылған сауу залының жабдықтарын жеткізу жөнінде келісімге қол қойылды. Алдағы уақытта 160 бас ірі қараға арналған қосымша ғимарат салуды көздеп отыр.
Облыс әкімі Берік Уәли Глуховка ауылдық округінде орналасқан «Стелла» шаруа қожалығында да болды. Шаруа қожалығы 1995 жылы құрылған. Кәсіпорынның негізгі қызметі – өсімдік шаруашылығы. Қазіргі уақытта мұнда 15 адам еңбек етеді.
Кәсіпорынның 78,2 гектарды құрайтын егіс алқабына картоп, көкөністер және жемдік дақылдар отырғызылады. Өнімдері сыйымдылығы 1000 тонна болатын қоймада сақталады. Өндірілген дақылдар Абай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Бесқарағай аудандарына жеткізіледі. 2010 жылы шаруашылық өз қаражатына егін дақылдарын тамшылатып суару жүйесін орнатты. Соңғы жылдары техника паркі кеңейіп, 4 МТЗ және 2 ДТ тракторы, 2 тіркеме, 2 сорғы станциясы, доменатор, 2 картоп комбайны, культиватор, картоп және сәбіз жинау машиналары, жапырақтарды алып тастайтын құрал сатып алынды. Ауылдық округтегі өрт сөндіру бекеті де осы шаруашылық базасында орналасқан.
«Стелла» шаруа қожалығының жетекшісі Николай Косяков аймақ басшысына шаруашылықтың жер көлемін кеңейтуге қолдау көрсету жөнінде өтініш білдірді.
Глуховка ауылдық округіндегі екі бірдей шаруашылықты аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі олардың ауыл шаруашылығын дамыту, өнім көлемін арттыру және жергілікті өндірісті қолдау бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалады. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін айтты.










