Химиялық реагенттерді сақтайтын қойма кешенін салу жобасы талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «АқтасХимПром» ЖШС директоры Азамат Сағатовпен кездесті. Кездесуде тау-кен өнеркәсібінде қолданылатын химиялық заттарды қабылдау, сақтау, сұрыптау, қайта қаптау және жөнелтуге арналған заманауи қойма кешенінің жобасы таныстырылды.
Жобаны «АқтасХимПром» ЖШС жеке инвестиция есебінен Аягөз ауданында іске асыруды жоспарлап отыр. Компания директоры Азамат Сағатовтың айтуынша, жоспарланып отырған нысан негізгі қойма корпусы, қауіптілік сыныптары бойынша функционалды аймақтарға бөлінген сақтау орындары, жүк тиеу-түсіру алаңдары, әкімшілік-тұрмыстық және қосалқы ғимараттар, сондай-ақ, инженерлік және көліктік инфрақұрылымды қамтиды.
Қойма кешені қатты және сұйық химиялық реагенттерді сақтауға арналған. Өнімдер биг-бэгтерде, қаптарда, жәшіктерде, IBC-контейнерлерде және еурокубтарда орналастырылады.
Аймақ басшысы жобаның тоғыз жолдың торабында, логистикалық тұрғыдан қолайлы орналасқан Аягөз ауданы үшін маңызды екенін атап өтіп, әкімдік тарапынан заң аясында тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.






