Қала әкімінің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті
Қала әкімінің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Күн тәртібінде Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы және 2026 жылға арналған халықты жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламасының орындалуы мәселелері қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.
Ағымдағы жылдың 19 қаңтарында Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен мердігер ұйым өкілдерінің қатысуымен су басу қаупі бар жеке тұрғын үй секторлары мен бірқатар аумақтарға тексеру жүргізілді.
Қазіргі таңда қар шығару жұмыстарын жеделдету, су басу қаупі бар аймақтарды нақтылау, тартылатын техникалар санын арттыру, сондай-ақ қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу бағытындағы жұмыстар күшейтілген режимде жалғасуда.
Сонымен қатар, биыл Семей қаласы бойынша 5 193 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 104 грант беру көзделген.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі барлық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – басты басымдығымыз. Әрбір салада нақты нәтиже болуы тиіс, тапсырмалар уақытында әрі сапалы орындалуы қажет», – деді Әділет Нұрсағатұлы.







