Семей қаласындағы Водный кентінде заманауи спорт кешені ашылды
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, спорт ардагерлері қатысты.
Спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталып, қысқа мерзім ішінде тұрғындардың игілігіне берілді.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Off take келісім аясында бой көтерген екі қабатты кешен заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұндағы спорт залдары мен жаттығу алаңдары тұрғындардың спортпен жыл бойы шұғылдануына мүмкіндік береді. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол, футзал сияқты спорт түрлеріне арналған ойын залы, екінші қабатта күрес залы орналасқан. Алдағы уақытта алты бапкер жұмыс істейтін болады.
Водный кентінің тұрғындары жаңа спорт нысанының ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.
Өткен жылы Водный кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Восточный кентінде осы бағдарлама шеңберінде 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында төрт көшеде электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. «Водный» және «Восход» елді мекендерінде жалпы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын көше жолдарына асфальт төселді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Абай облысында 18 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Семей қаласындағы Ұшақтар және Бобровка кенттерінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Бұл инфрақұрылым өңір спортшыларының халықаралық деңгейдегі жарыстарға сапалы дайындалуына зор мүмкіндік береді.










