Келіп ұсыныстарға сай жаңа Конституция жобасының бірнеше бабы нақтыланды
Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 11-ші отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.
Жобаның 14-бабының 2-тармағында адам құқықтары мен бостандықтары әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды деп көрсетілген. Көптеген азаматтар мен мамандар бұл норманы күшейтуді ұсынып, «адам құқықтары мен бостандықтары ҚР заңнамасының мазмұны мен қолданылуын айқындайды» деп қосуды сұраған.
Бұл ұсыныстар ескеріліп, тармақ «Адам құқықтары мен бостандықтары әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды, ҚР қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп жазылатын болды.
Бұдан бөлек, Құрылтайды тарату тетігін неғұрлым икемді әрі ымыраға келуді көздейтіндей ету туралы ұсыныстар да ескерілді. Осыған байланысты «таратады» деген тұжырым «таратуға құқылы» деген нұсқамен ауыстырылды.
Сонымен бірге, көрсетілген конституциялық нормаларда Құрылтайды таратуға шектеулер қойылады. Төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабында белгіленген жағдайда Құрылтайды таратуға болмайды.