Семей қаласында 40 аула аумағында асфальттау жұмыстары жүргізілді
Абай облысында жол инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан баяндады.
Спикердің айтуынша, облыстағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 2 176 км, облыстық – 1 588 км, аудандық – 2 878 км, ал елді мекен көшелері – 3 396 км. Соның 756 шақырымы Семей қаласына тиесілі.
Сонымен қатар, Семей қаласында асфальттау қарастырылмаған, бірақ жол жабындысының жағдайы қанағаттанарлықсыз болған көшелерде грейдерлеу, профильдеу және инертті материалдармен нығайту жұмыстары атқарылған. Қазіргі таңда мұндай жұмыстар 90-ға жуық көшеде аяқталған.
2026 жылы да жол жөндеу және асфальттау жұмыстары өткен жылдардағы деңгейден төмен түспейтін көлемде жалғасады.
Сондай-ақ қалада ірі инфрақұрылымдық жобалар да әзірленуде. Атап айтқанда, Шугаев көшесі бойындағы көлік айрығын қайта жаңғырту жобасы мемлекеттік сараптамадан өту сатысында, Жамақаев көшесін қайта жаңғырту және теміржол үстінен өтетін жол өткелін салу жобасы келісу кезеңінде тұр.