Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
494.66 581.87 6.43

Абай облысы әкімдігінде отырыс өтті

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында облыстың 2026 жылғы қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру мәселелері қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Қала және аудан әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ақбота Тұңғышханқызы және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Марат Аленов баяндады.

Биылғы жылдың қаңтар айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,5 пайызға жетіп, облыс республика бойынша алғашқы алтылыққа енді. Өсім инвестицияда 137,4%, көлік саласында 136%, өңдеу өнеркәсібінде 127,1%, өнеркәсіпте 106,5%, ауыл шаруашылығында 104,6%, ішкі саудада 104,2%, байланыста 103,6% болып қалыптасты. Қаңтар айында облысқа 16,3 млрд. теңге инвестиция тартылды (былтыр 11,1 млрд теңге болған). Өңірлер бөлінісінде облыс алғашқы үштікте тұр. Өңдеу өнеркәсібі бойынша көрсеткіш 49,4 млрд теңгені құрап, аймағымыз өңірлер бөлінісінде 1 орынды иеленді.

Аймақ басшысы бұл үрдісті жалғастыру үшін жүйелі жұмыс пен қатаң бақылау қажет екенін атап өтті.

«Өткен жылы облыстың бірқатар экономикалық көрсеткіштері бойынша оң өсім қамтамасыз етілді. Бұл оң үрдісті осы жылы жалғастыру үшін ұйымдасқан жұмыс және қатаң қадағалау шаралары күнделікті атқарылуы қажет. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тарапынан өңірлерге экономиканы әртараптандыру, сапалы инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыруды жеделдету, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы тапсырмалар берілді. Осы міндеттерді орындау – баршамыздың басты мақсатымыз», – деді облыс әкімі.

Өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асыру бойынша былтыр облыста 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылып, жылдық жоспар артығымен орындалған. Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын» құру тапсырмасы аясында жаңадан ашылған кәсіпорындарға 10360 адам жұмысқа орналасты. Халықты қолдау шаралары да нәтижесін берді. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 205 грант, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 103 микрокредит берілді. 2026 жылға облыста 13 324 жаңа жұмыс орнын құру межесі бекітілді. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы қабылданды.

«Өткен аптада облыста «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасын іске асыруды бастадық. Бұл жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігін жаңғырту, кадрлық әлеуетін күшейту. Жоба аясында ауыл тұрғындарын тұрақтандыру және қаладан ауылға қоныс аударушыларды тарту арқылы демографиялық тепе-теңдікті сақтау, ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайту көзделген. Осы ретте жұмыспен қамтудың өңірлік картасын сапалы орындауға әрбір әкім жіті көңіл бөлуі қажет. Сонымен қатар, жай жұмыс орындарын құрып қана қоймай, жұмыс орындарының тұрақты болуын және жұмысшыларға қолайлы жағдайлардың жасалуын қатаң бақылауы тиіс», – деді Берік Уәли.

Отырысты қорытындылаған аймақ басшысы салаға жауапты орынбасарына жетекшілік ететін салалардағы даму жоспарларының орындалуын қамтамасыз етіп, жоспарлы көрсеткіштерді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар 2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасын бекітіп, жұмыс орындарын құру жоспарын толық орындап, инфрақұрылымдық жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив