«Заң керуені» Абай облысының ауылдарын аралады
Полицейлер, әкімдік және салалық ведомстволар өкілдері Абай облысының Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесіп, қауіпсіздік, жол мәселесі және кибералаяқтық тақырыптарын талқылады.
Абай облысының Бесқарағай ауданында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Заң керуені» көшпелі акциясы өтті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге бірнеше ауылдық округке барып, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша ашық диалог құрды.
Керуен Глуховка, Канонерка, Бесқарағай және Малая Владимировка ауылдарында болды. Кездесулер ашық форматта ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары полицейлер мен салалық қызмет өкілдеріне тікелей сұрақтар қойды. Талқылауға аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбаев қатысты.
Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай жыл бойы осындай кездесулер өткізетін штаб құрылғанын хабарлады.
Тұрғындар абаттандыру, жолдардың және әлеуметтік нысандардың жай-күйі, жол белгілерін орнату, аумақтардың санитарлық тазалығы мәселелерін көтерді. Сондай-ақ тас жолдар мен орман алқаптары маңындағы заңсыз қоқыс орындарына ерекше назар аударылды.
Семей орманы мемлекеттік орман табиғи резерватының өкілдері табиғи аймақтарда қоқыс көлемінің артып отырғанын айтып, мұндай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін бірлескен шараларды күшейтуге шақырды.
Облыстық полиция департаментінде аудандағы жалпы ахуалдың тұрақты екенін, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелмегенін атап өтті. Дегенмен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығы ерекше екені айтылды.
Абай облысы полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Ернұр Құтанбаев ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жыл бойы жалғасатынын жеткізді.
Ауыл тұрғындары жол қозғалысы қауіпсіздігі, елді мекендерде көлік жылдамдығын төмендету, қаңғыбас жануарлар мәселесі, мал ұрлығы мен ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жайын да сөз етті.
Кездесуде кибералаяқтық мәселесіне ерекше назар аударылды. Полиция өкілдері бұл қылмыс түрі Абай облысы үшін әлі де өзекті екенін атап өтті. Алаяқтар үнемі жаңа тәсілдерді қолданып, психологиялық қысым көрсету әдістерін жетілдіріп келеді. Абай облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мират Қабытаевтың айтуынша, қаскөйлер адам психологиясын жақсы меңгеріп, «әлсіз тұстарға» әсер етеді.
Полицейлер жәбірленуші полицияға неғұрлым тез жүгінсе, күмәнді қаржылық операцияларды бұғаттап, қаражатты қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болатынын ескертті.
Тұрғындардың бірқатар өтініштері тиісті салалық қызметтерге жолданып, бақылауға алынды. «Заң керуені» форматы халық үшін жергілікті жерде тікелей түсіндіру жұмыстары мен ашық диалогтың маңызын айқын көрсетті.










