Абай облысының жастары Жаңа Конституцияны қолдады
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Абай облысының жастарымен кездесті.
Іс-шара Шәкәрім Университеті қабырғасында өтті. Талқылау жұмысына белсенді жастар, студенттер қауымы және жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысты.
Диалогтың негізгі тақырыбы – Жаңа Конституция жобасының ережелері және олардың болашақ ұрпақ үшін маңызы.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым және инновацияларды дамыту мәселелері мемлекеттік саясаттың іргелі бағыттары деңгейіне көтерілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған нормалар жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, кәсіби тұрғыда өсуіне қолдау көрсетуге және еңбек пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Жаңа Конституция жобасында адам капиталын дамыту мәселесі мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілгенін атап өтті. Ол білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік кепілдіктер сақталатынын, жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені туралы қағидат бекітілетінін, сондай-ақ сөз бостандығы мен дәстүрлі құндылықтар күшейтілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен әділдікті нығайтуға ықпал етеді.
ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Олжас Сүлеймен Ата Заң жобасы мемлекет дамуына қажет жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жас азаматтардың бастамалары аясын кеңейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, білім мен ғылым саласындағы стратегиялық басымдықтарды бекіту қадамы интеллектуалды ұлт қалыптастыруға және университеттердің инновациялық орталықтар ретіндегі рөлін арттыруға қосымша серпін береді.
Шәкәрім Университетіндегі «Шаңырақ» Студенттік Ассамблеясының төрағасы Айым Рысбек Абай облысындағы волонтерлер қозғалысының белсенділігін атап өтіп, Жаңа Конституция жобасында алғаш рет волонтерлік қызметті қолдау және ынталандыру нормасы бекітілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл «Әділетті Қазақстан» құндылықтарын, табиғатқа қамқорлық пен өзара жауапкершілік қағидаттарын айқындайды.
«Семей медицина университеті» КеАҚ студенттік ректоры Ерасыл Өмірәлінов еңбексүйгіштік, білім, ғылым және инновация құндылықтарының конституциялық деңгейде бекітілуі жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне және заманауи экономиканың дамуына берік негіз қалайтынын жеткізді.
Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасы әрбір жас азаматтың білімін, бастамасын және жасампаздыққа деген ұмтылысын жүзеге асыруға қажет жағдай жасауға бағытталғаны ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысында Абай облысының жастары Жаңа Конституция жобасына қолдау білдіріп, алдағы референдумға қатысуға дайын екендерін жеткізді. Олар мемлекеттің одан әрі тұрақты дамуы жолында саналы таңдау жасаудың маңызын атап өтті.





