Абай облысында қоғам өкілдері жаңа Конституцияны қолдауға дайын
Абай облысы аумағында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Бородулиха ауданы тұрғындарымен ашық диалог ұйымдастырып, конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді.
Алдымен делегация «Шыңғыс тас» ЖШС кірпіш зауытында еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау, билік тармақтары арасындағы теңгерімді сақтау, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланды.
AMANAT партиясының облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Оралхан Сартаев жаңа құжатта еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғауға басымдық берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және мемлекеттік институттарды дамытуға бағытталған.
Түсіндіру жұмыстары Бородулиха колледжінде және Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп жалғасты. Мұнда білім беру жүйесінің стратегиялық рөлі, педагог мәртебесін қорғау және әр балаға сапалы білім беру мәселелері сөз болды. Педагог қауымдастығы өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені қызметкерлерімен кездесуде конституциялық өзгерістердің азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға ықпал ететіні айтылды.
Кездесулер қорытындысында Бородулиха ауданының жұртшылығы ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа Конституцияны қолдауға дайын екендерін мәлімдеді.






