Әділетті Қазақстан жолында: Бесқарағайлықтар жаңа Конституция жобасын қолдады
Жалпыұлттық коалиция өкілдері Абай облысының Бесқарағай ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында бірқатар кездесу өткізді. Іс-шараларда азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталған өзгерістер талқыланып, тұрғындар білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Алғашқы кездесуде аудан белсенділері жаңа Ата Заң жобасының негізгі бағыттарын, әлеуметтік-экономикалық даму тетіктерін және құқықтық механизмдерін жан-жақты қарастырды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, коалиция мүшесі Айнұр Арғынбекова Конституция жобасындағы бірқатар жаңашыл нормаларға тоқталды. Оның айтуынша, құжатта «қарқынды дамитын қала» ұғымын енгізу арқылы экономикалық әлеуеті жоғары өңірлерге инвестициялық және қаржылық басқару саласында арнайы құқықтық режим қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тетік заңнамалық талаптар мен қатаң бақылау негізінде жүзеге асырылып, тұрақты әрі болжамды құқықтық орта қалыптастыруды көздейді.
Кездесулер №1 Бесқарағай жалпы орта мектебінде жалғасты. Педагогтер білім беру сапасын арттыру, мұғалім мәртебесін нығайту, ауыл мектептерін қолдау және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Мұғалімдердің әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы нормаларға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Бесқарағай колледжі ұжымымен өткен жиында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, дуалды оқыту тетіктерін жетілдіру және жұмыс берушілермен әріптестікті күшейту мәселелері талқыланды. Қатысушылар білім саласына қатысты өзгерістер колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқытушылардың біліктілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Абай облыстық мәслихаты депутаты Риза Молдашева білім беру – ел болашағының кепілі екенін айтып, педагогтердің ұсыныстарын қолдау маңызды екенін жеткізді.
Кездесулер қорытындысында бесқарағайлықтар жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін мәлімдеді.






