Жаңа Конституция төңірегіндегі ашық диалог
Семей қаласындағы №4 мектепте №13 бастауыш партия ұйымы мүшелерінің қатысуымен жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған мазмұнды кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдері педагогтермен жүздесіп, білім беру саласы мен ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, еркін пікір алмасуға және ұсыныстар айтуға мүмкіндік берді. Қатысушылар жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновацияны мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындау – ел дамуы үшін маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті.
Коалиция мүшесі Айболат Бекжасаров құжаттың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, оның билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтетінін айтты. Оның сөзінше, жоба жан-жақты сараланып, заман талабына сай пысықталған.
Абай облыстық мәслихаты депутаты Съезбек Ахметов ұстаздардың қоғамдағы айрықша рөлін атап өтіп, олардың жас ұрпақтың азаматтық санасын қалыптастырудағы маңызын жеткізді.
Жиын барысында педагогтер білім сапасын арттыру, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, инновациялық бастамаларды енгізу және жастар белсенділігін күшейту жөнінде ой-пікірлерін білдірді.
Кездесу қорытындысында қатысушылар конституциялық реформалар ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтіп, жаңа Конституция жобасын қолдайтындықтарын білдірді.







