Алматыда Орталық Азия мен Кавказдағы авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының 1-ші отырысы өтіп жатыр
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің қолдауымен авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының бірінші отырысын өткізіп жатыр. Бұл басқосуға елімізден бөлек Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның авиациялық билік өкілдері қатысты.
Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобы пікір алмасып, кеңесетін орган саналады. Оның қызметі мемлекеттерге ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық жоспарының негізгі басымдықтарына қол жеткізіп, белгіленген стандарттар мен ұсынылатын тәжірибені сапалы енгізуге, сондай-ақ өзара ақпарат алмасып, жәрдемдесу арқылы ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне жетуге қолғабыс ететін тиімді тетікті құруға бағытталған.
Отырыста үйлестіру тобына мүше мемлекеттердің ортақ басымдығын арттырып, әлеуетін күшейту, бірыңғай саясатты (жоспарды) әзірлеу, оның ішінде Орталық Азия мен Кавказда ИКАО-ның стандарттары мен озық тәжірибесін тиімді және уақтылы енгізу мәселелері қаралды.
Сонымен қатар отырыста үйлестіру тобының төрағасы болып ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев сайланды. Ол авиациялық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, бұл мақсатта тең құқықты сақтайтын ұйым құруды ұсынды. Жұмыс органы ретінде еліміздегі Азаматтық авиация академиясының базасында орналасқан ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы ұсынылғанын айта кетейік.
Ал «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду қарқынды дамып келе жатқан авиация саласы үшін маман даярлау мәселесінің өзектілігі артып бара жатқанын айтты.
Бұдан басқа аталған іс-шараның аясында академияда дәстүрлі Aviaedu & Showcase бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын айта кетейік. Оның шеңберінде әуе компаниялардың қатысуымен авиация мамандарын даярлау мәселелеріне арналған дөңгелек үстелді өткізу жоспарланған.