Облыстық аппараттық кеңесте тапсырмалардың орындалу барысы қаралды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында адам көп жиналатын жерлердегі және сауда-ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі, облыстағы интернет алаяқтыққа қарсы күрес шаралары және Мемлекет басшысының, Премьер-министрдің, Президент әкімшілігі мен Үкімет аппаратының, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов, облыстық Полиция департаментінің кибер қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дәурен Әлімбаев және облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Гүлнұр Асылбекова баяндады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, департаменттің бақылауында адамдар көп жиналатын 764 нысан бар. Оның 359-ы Семей қаласында орналасқан. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 336 нысанда профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы Төтенше жағдайлар департаментіне аудан және қала әкімдерімен бірлесіп заң талаптарына сәйкес ірі ойын-сауық орындары мен адамдар көп шоғырланатын жерлерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына рейдтік шаралар жүргізуді, сондай-ақ, білім беру мекемелерінде өрт кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері бойынша түсіндіру жұмыстарын және оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды.
Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қоғамның қарқынды цифрлануына байланысты ең жылдам таралып жатқан қылмыс түрлерінің біріне айналды. Былтыр Абай облысында 1364 интернет-алаяқтық дерегі тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда 47,5 пайызға өсті, оның 1092-сі Семей қаласына тиесілі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстарды ашу деңгейі 8,9 пайыздан 17,3 пайызға дейін өсіп, 142 эпизодқа қатысы бар 14 ұйымдасқан топ ұсталды және алаяқтардың SIM-бокс құрылғылары тәркіленді.
Ұлттық банктің «Антифрод-орталығы» жүйесі арқылы 1680 күмәнді операция тіркеліп, шамамен 30 млн теңге бұғатталды. Оның 20 млн теңгесі азаматтарға қайтарылды. Қылмыстарды ашу мақсатында «BLURE», «IRIS», «SHADOWFINDER» талдау жүйелері қолданылып, 35 интернет-алаяқтық фактісі ашылды.
2026 жылдың алғашқы екі айында облыста 188 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Қылмыстың алдын алу мақсатында интернет-ресурстарды бұғаттау, фрод-қоңырауларды анықтау, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі Ішкі саясат басқармасы мен қала, аудан әкімдеріне тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және Полиция департаментіне интернет-алаяқтықтың алдын алу бағдарламаларын сатып алу мәселесін пысықтауды тапсырды.
Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасына сәйкес облыс мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығын шешу бағытында тиісті жұмыс жүргізілуде. Облыста былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде тағы 1 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Семей қаласында жаңа көпірдің құрылысы жалғасуда.
Аймақ басшысы жиында Мемлекет басшысының, Премьер-министрдің, Президент әкімшілігі басшысының тапсырмаларының сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Жиын барысында облыс әкімі Семей қаласы мен аудан әкімдеріне тасқынның алдын алу шараларын күшейтіп, су деңгейін күнделікті бақылап, қар тазалау, еріген қар суын сору жұмыстарын жандандыруды тапсырды.










