Көкпекті ауданында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылады
Биыл Көкпекті ауданында экономиканы дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Негізгі міндеттердің бірі өткен жылы басталған инвестициялық жобаларды толық аяқтап, олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Көкпекті ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев мәлімдеді.
Ауданның туристік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Омбы – Майқапшағай республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойында 3 кемпинг кешенін салу көзделген. Бұл кешендердің құрамында жаңар-жағармай станциялары мен қонақ үйлер болады. Аталған жоба жол бойындағы сервисті дамытуға және туристер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жеке инвесторлардың қатысуымен ауданда бірнеше жаңа өндірістік және кәсіпкерлік жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, күнбағыс майын өңдеу цехын салу, сүт өнімдері кешенін құру, балық өңдеу шағын зауытын ашу, наубайхана, қоғамдық монша, жиһаз цехы және шлак-құм блоктарын өндіру цехын іске қосу көзделген.
Кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Көкпекті ауылында бизнес орталық пен супермаркет құрылысы жоспарланып отыр. Ал Үлкенбөкен ауылында жол бойындағы сауда нысандарын дамыту қолға алынбақ.