Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
489.39 567.99 6.19

Қазақстан делегациясы Үрімжіде өткен ОАӨЭЫ отырысына қатысты

Бүгін, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) Бағдарламасының Көлік секторы үйлестіру комитеті жанындағы Автомобиль жолдары жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин қатысты. Отырыстың ашылу салтанатында ол жол саласын дамыту және ОАӨЭЫ-ға қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.

Қазақстан тарапының негізгі ұсыныстары үш бағытты қамтыды: инновацияларды енгізу, жол төсемдерін жетілдіру және қауіпсіздікті арттыру.

Бірінші кезекте заманауи технологиялық шешімдерді қолдану бойынша тәжірибе алмасуды жандандыру, оның ішінде саланы цифрландыруға және автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау кезінде жасанды интеллект негізіндегі құралдарды пайдалану туралы айтылды.

«Жол құрылысында заманауи технологияларды қолдану бойынша тәжірибе алмасуды жандандыру, сондай-ақ жол саласының тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылады», — деп атап өтті Төлеген Абдуллин.

Жобалау мен салу тәсілдерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, заманауи жол төсемдерінің — цементбетонды және асфальтбетонды жабындардың түрлерін кеңінен қолдану мүмкіндігі талқыланды.

Тағы бір маңызды бағыт — жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселесі. Қатысушыларға жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу мәселесін қарастыру ұсынылды.

Сонымен қатар, қазақстандық ведомство басшысы республиканың жол саласындағы ағымдағы және перспективалық жобалары туралы ақпаратпен бөлісті. Бұл жобалар инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықаралық көлік дәліздерін дамытуға бағытталған.

Автомобиль жолдары жөніндегі жұмыс тобы ОАӨЭЫ елдерінің жол секторындағы негізгі басымдықтарды талқылау және ортақ шешімдер әзірлеу үшін аймақтық алаң ретінде құрылды. Қатысушы елдер мен даму серіктестері арасындағы өзара бірлестікті жалғастыру мәселелерін әрі қарай да қарастыруда.

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ, CAREC) — қатысушы елдердің көлік, энергетика және сауда салаларындағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған халықаралық бағдарлама. Оған Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Грузия, Әзербайжан және өңірдің басқа да мемлекеттері кіреді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив