Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
475.09 551.06 5.87

Сенат Қазақстан мен Перу арасындағы өзара құқықтық көмек туралы заңдарды мақұлдады

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңды, сондай-ақ, оған ілеспе «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Бұл шарттарды ратификациялау қылмыстық істерді тергеу кезінде кешенді түрде тиімді құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік береді және екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығын нығайтады.

«Қаралған шарттар Қазақстан мен Перу арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Шарттар екі елдің арасында өзара құқықтық көмек көрсетудің және сотталған адамдарды экстрадициялаудың тәртібін реттейді. Сондай-ақ тараптар аумағында жүрген күдікті адамдарды ұстап берудің рәсімдерін айқындайды. Алдағы уақытта бұл заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы іс-шаралардың тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар құжаттар тұтқындалған немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан адамдарды олардың құқықтарының сақталуына кепілдік бере отырып, уақытша беру тәртібін анықтайды. Сондай-ақ заңдар шақыру қағаздарын беруді, тінту мен тәркілеуді, мүлікті алуды және ұлттық заңнамада рұқсат етілген құқықтық көмектің басқа түрлерін реттейді.

Егер рәсім ұлттық қауіпсіздік пен егемендікке қауіп төндіретін болса, сотталғандарды беруден бас тартылуы мүмкін екендігі ескертіледі. Себептердің қатарына екі елдің заңдарындағы жазалау шараларының сәйкес келмеуі және беруші тараптың аумағында сотталған адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылуы да бар.

Палата отырысында сенаторлар Үкіметке өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Андрей Лукин су шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелерге назар аударды. Нақты айтқанда, ол браконьерлікке, цифрлық мониторингтің жеткіліксіздігіне және иесіз су айдындарына қатысты проблемаларды қозғады. Осыған байланысты депутат елдің бюджетіне қатысты тәртіпті күшейтуге және оны қорғауға бағытталған бірқатар нақты шара ұсынды.

Амангелді Нұғманов зейнетақыны еңбек өтілі бойынша есептеу әдісін енгізуді ұсынды. «Өңір» депутаттық тобының мүшелері бейресми жұмыспен қамту мәселесін зерделей келе осындай байлам жасап отыр. Сенатор бұл реформаны объективті түрде пысықтау үшін мемлекеттік органдардың, кәсіподақтар мен сарапшылардың қатысуымен ведомствоаралық топ құру керектігін айтты.

Айнұр Арғынбекова ғылымды қолдауға арналған шаралар топтамасын жариялады. Ол зерттеулерді өндіріске тезірек интеграциялау үшін «трансляциялық ғылым» моделін дамытуды ұсынды. Сондай-ақ Alatau City-де жоғары технологияларға, оның ішінде ядролық медицинаға арналған ғылыми-өндірістік экожүйелерді құру қажет екенін тілге тиек етті.

Марат Қожаев айыппұлдар жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын бұзушыларға ешқандай тосқауыл болмай тұрғанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Сенатор бұл шара аталған жүргізушілерге көлікті ережесіз жүргізгені үшін төлейтін ақыға айналып бара жатқанын да атап өтті. Осы келеңсіз үрдісті және соның салдарынан болатын адам шығынын ескере отырып, депутат жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатындар мен көлікті мас күйінде жүргізетіндер үшін жауапкершілікті күшейту қажет екеніне тағы да баса назар аударды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив