Аягөз ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артып келеді
Аягөз ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, өнім көлемі артып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 33 млрд 300 млн теңгеге жетіп, нақты өсім - 102,4 %.
Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Ірі қара –100,7 %-ға, ұсақ мүйізді мал – 101,8 %-ға, жылқы – 103,6 %-ға, құс – 103,4 %-ға артқан.
– Биыл ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 36 млрд 704 млн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мал басын ұлғайту көзделген: ірі қара – 116 200 бас, ұсақ мүйізді мал – 205 мың басқа дейін жеткізіледі. Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін 62 млн 934 мың теңге қарастылып отыр, – деді Айбек Нұғымаров.
Ауданда өндірілетін негізгі өнім түрлері де көбейген. Өткен жылы ет өндірісі 102,4 %-ға, сүт 102,6 %-ға артты.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Былтыр 67 шаруа қожалығы 1 млрд 175 млн 626 мың теңгеге 105 бірлік техника сатып алған. Оның ішінде 71 трактор мен 34 тіркеме бар.
Ал биыл ескі техниканы кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған. 229 трактор есептен шығарылып, олардың орнына 70 жаңа техника алу көзделіп отыр.
– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына 931 млн теңге инвестиция тартылды. Биыл бұл көрсеткішті 4 млрд 500 млн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.