2026 жылғы I тоқсанда өңдеу өнеркәсібі 6% деңгейінде өсуі ықтимал
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды көрсеткіші қаралды.
Алдын ала дерек бойынша, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысында өңдеу өнеркәсібінде 6% деңгейінде өсім орын алуы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша бірқатар салада тұрақты оң динамика сақталуда, мәселен: жеңіл өнеркәсіп – 156,4%, дайын металл бұйымы – 131,4%, жиһаз өндірісі – 127,6%, құрылыс материалы өндірісі – 127,4% және машина жасау – 115,5%.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, есептік кезеңде көлік саласының өсуі 109% деңгейінде деп бағаланған. Көрсетілген қызметтің жалпы көлемі 2,8 трлн теңгені құраған, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнен 14,3%-ға жоғары.
Оң динамика тасымалдау көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. Осылайша, жалпы жүк тасымалдау көлемі 7,9%-ға, яғни 290,9 млн тоннаға өскен. Жолаушыларды барлық көлік түрімен тасымалдау 11,0%-ға, яғни 491,2 млн жолаушыға дейін артты.
Жүк айналымы 153,7 млрд тонна-шақырым болып, 11,8%-ға артса, жолаушылар айналымы 10,1%-ға өсіп, 22,8 млрд жолаушы-шақырымға жетті.
Жедел деректер бойынша, 2026 жылғы үш айда жүкті теміржол көлігімен тасымалдау көлемі 78,3 млн тонна болған. Бұл 2025 жылғы сәйкес кезеңнен 3,6%-ға артық (+2,7 млн тонна). Тасымалдарды санаттарға бөліп қарастырсақ, ел ішіндегі тасымал 40,8 млн тоннаны, экспорт 22,8 млн тоннаны, импорт 5,6 млн тоннаны, транзит 9,1 млн тоннаны құрады.
Экспорт құрылымында көмір, астық, тыңайтқыш, құрылысқа қатысты жүктер, қара металл, сондай-ақ басқа да жүк (оның ішінде құрама жем, өсімдік майы, асбест) тасымалының өскені байқалады.
Республика ішіндегі қатынаста көмір, мұнай өнімі, астық, химикат тасымалы артқан.
Отырысты қорытындылай келе, Серік Жұманғарин салалық мемлекеттік органдарға экономикалық өсімнің қосымша резервін анықтауды, оның ішінде мемлекеттік қолдау құралын пайдалану жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
«Бізге қосымша өнім шығару немесе жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы болса да өндіріс пен қызмет көлемін нақты ұлғайту қажет. Керек болған жағдайда мемлекет мұндай бастамаларды, оның ішінде, субсидиялау тетігі арқылы да қолдауға дайын», - деп атап өтті вице-премьер.