Семейде «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті
Бүгін Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінде «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев қатысты.
Форум барысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың өзекті мәселелері, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің дамуы, тұрғындармен тиімді коммуникация орнату, сондай-ақ басқару тетіктерін жетілдіру бағыттары талқыланды.
Жиында «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев «TURGYNDAR AMANATY» жобасының негізгі бағыттары мен маңызын түсіндірді.
Форумда Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев, Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев, облыс орталығындағы мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) төрағалары өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Облыс бойынша тұрғын үй қоры 2084 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды, оның ішінде 1588-і Семей қаласында орналасқан. Тұрғын үйлердің жартысына жуығы 1970 жылдарға дейін салынған. Негізгі бөлігі Семей, Аягөз және Курчатов қалаларында шоғырланған. Курчатов қаласында 81 көппәтерлі тұрғын үйге 3 басқару субъектісі қызмет көрсетеді. 2023-2025 жылдары Семей қаласында 169 аула аумағы абаттандырылды.
Форум аясында партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға партиялық билеттер тапсырылып, бірқатар мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.









