Абай облысында көктемгі дала жұмыстары басталды
Өңірде 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары басталып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Егіс науқанын сапалы өткізу мақсатында қажетті тұқым қоры дайындалып, техника мен жанар-жағармай ресурстары қамтамасыз етілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде майлы дақылдар көлемін сақтау және тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, жүгері егіс алқаптарын ұлғайту жоспарланып отыр. Егер өткен жылы бұл дақыл 8 мың гектарға егілсе, осы жылы оның көлемі 10 мың гектарға дейін жеткізілмек.
Қазіргі уақытта облыстың бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Мамандар егіс науқанын агротехникалық талаптарға сәйкес ұйымдастырып, барлық жұмыстарды 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.