Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 38 %-ға өсті
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымы 38%-ға өсіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 578 млн долларға жетті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Астанада өткен Қазақстан-Тәжікстан форумы аясында агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы айтты. Ербол Қарашөкеев делегаттарды құттықтай отырып, екі елдің арасындағы сауданы дамыту әлеуетінің одан әрі өсу перспективалары бар екенін атап өтті.
Қазір Тәжікстанға АӨК өнімдерін экспорттау құрылымында оң өзгерістер байқалады. Дәстүрлі дәнді дақылдары, ұн мен күнбағыс майынан басқа, балмұздақ, шұжық және ет пен соя өнімдерін жеткізу басталды.
Өз кезегінде Тәжікстаннан негізінен жаңа піскен жеміс-көкөніс өнімдері, кептірілген жемістер мен жаңғақтар әкелінеді. Осылайша, елдер өздерінің азық-түлік қажеттіліктерін толықтыруда, деп атап өтті министр.
Ербол Қарашөкеев сондай-ақ, қазақстандық кондитерлік және шоколад өнімдері, макарон өнімдері, қой еті мен сиыр еті, құс еті мен сүт өнімдерінің экспортын одан әрі ұлғайту әлеуеті бар екенін айтты.
АШМ басшысы бизнес-форумда қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Ертең Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға сапары кезінде екі елдің АШМ арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасына қол қою жоспарланып отыр.
Аталған құжат АӨК-де мал шаруашылығы, ветеринария, тұқым шаруашылығы, инновациялар және жаңа технологиялар салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға серпін береді.
Болашақта Тәжікстан инвестицияларының қатысуымен Қазақстан аумағында бірлескен ұн тарту зауыттарын, кондитерлік өнімдер мен өсімдік майын өндіру, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары құрылуы мүмкін.