Жол сапасы бақылауда: материалдар мен асфальт қоспалары кешенді тексерілуде
Облыста жол құрылысының сапасын арттыру бағытында материалдар мен асфальтбетон қоспаларына кешенді бақылау жүргізілуде. Бұл жұмыстар жолдардың беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Инертті материалдарға жүргізілген кіріс бақылауы аясында 44 материал зертханалық тексеруден өтті. Нәтижесінде олардың 6-ы нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Сәйкессіздіктер негізінен түйіршік құрамы мен құрғақ күйдегі беріктік көрсеткіштері бойынша тіркелген.
Сонымен қатар, құрылыс маусымының басталуына байланысты асфальтбетон қоспаларының сапасын қамтамасыз ету мақсатында зертханалық құрамдық іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйымдармен бірлесіп, асфальт қоспаларының оңтайлы құрамы анықталып, өндіріс процесіне енгізілуде.
Аталған жұмыстарды Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Абай облыстық филиалының мамандары жүзеге асыруда. Зерттеу барысында қолданылатын материалдардың физика-механикалық қасиеттері жан-жақты тексеріліп, қолданыстағы нормативтік талаптарға сай тиімді құрамдар бекітілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді бақылау сапасыз материалдарды пайдалануға жол бермей, жол жамылғысының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Анықталған кемшіліктерге байланысты тапсырыс беруші және мердігер ұйымдарға ресми хаттар жолданып, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда.