Биыл Семейде 100 көшеге асфальт төселеді
Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы көшелерде жүргізіліп ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы бірнеше көшенің жолдары ретке келтіріліп, асфальт төселіп жатыр.
Семей қаласында жалпы ұзындығы 756 шақырымды құрайтын 1179 көше бар. Абай облысы құрылғанға дейін қалалық жолдардың тек 36 пайызы ғана асфальтты бетон жабынымен қамтылған болатын. 2025 жылдың қорытындысы бойынша асфальттау деңгейі 50 пайызға жеткізілді. Қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту және көше-жол желісінің сапасын арттыру мақсатында 2026 жылға кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді.
Аймақ басшысы Міржақып Дулатов және Қайым Мұхамедханов көшелерінің қиылысындағы жолда жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Мердігерлерге жұмысты мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына және қала әкіміне Ұлттық сапа орталығы мамандарымен бірлесіп жол сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін айтты.
Облыс әкімі биыл Семейді абаттандыруға айрықша көңіл бөлінетінін, қаладағы 100 көшеге асфальт төсеу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұрын асфальт төселмеген көшелер мен аула аумақтарына басымдық беріледі.
Аймақ басшысы сондай-ақ, жолдың сапасына қоғамдық бақылау орнатудың маңызды екенін атап өтіп, қоғамдық кеңес мүшелері мен партия өкілдерінің бұл іске белсенді атсалысуы керек екенін айтты.










