Сенатта жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң талқыланады
ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Құжат жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жануарларға ізгілікті көзқарас қалыптастыруға бағытталған.
Талқылауға Сенат депутаттары, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет және ұлттық экономика министрліктерімен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жұмыс тобының құрамына зооқорғау қоғамдастығының белгілі өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар, оның ішінде «INUCOBO» жануарларды қорғау қауымдастығының басшысы Лилия Сәрсенова, «Табиғат» экологиялық одағының мүшесі, ветеринар дәрігер Анна Хамчукова, «KazBar» БҚК Animal law комитетінің басшысы Ольга Ченцова, «СтопОтлов» қорының басшысы Наталья Гребенкина, зооқорғаушы Ольга Милова, «KARE-қамқорлық» жануарларды қорғау қоғамдық қорының президенті және азаматтық қоғамның басқа да белсенді өкілдері кірді.
Отырыс барысында тұжырымдық ұғымдарды нақтылау, чиптеу арқылы жануарларға міндетті сәйкестендіруді енгізу, асылдандыру жөніндегі қызметті реттеу, сондай-ақ ауланған жануарларды баспанада ұстау мерзіміне қатысты мәселелермен бірге заңдағы негізгі жаңалықтар қаралды.
«ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың тапсырмасы бойынша жұмыс тобының отырысы барлық мүдделі тараптарды шақыра отырып, ашық түрде өтетін болады. Жануарларға жауапкершілікпен қарауға қатысты заңнаманы өзгерту мәселелері бүгінде қоғам тарапынан кеңінен қолдау тапты және енді біздің міндетіміз –ұсынылған барлық нормаларды жан-жақты және теңдей қаралуын қамтамасыз ету болып отыр. Сындарлы диалог пен ашық пікірталас өрістету мақсатында жұмыс тобының есігі ашық. Қоғамның мүддесі мен жануарларға оң көзқараспен қарау мақсатында тепе-теңдік қағидаттары ескерілген шешімдерді әзірлеу үшін келіп түскен барлық ұсыныстар мұқият зерделенеді», - деп атап өтті жұмыс тобының жетекшісі, Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитетінің мүшесі Арман Өтеғұлов.
Қатысушылар жұмыс тобының отырысы барысында уәкілетті мемлекеттік органдар қосымша пысықтайтын ұсыныстар мен ескертулер айтты.