Су ресурстарын тиімді пайдалану: су қауіпсіздігі мен үнемдеу мәселелері талқыланды
Бүгін су ресурстарын тиімді пайдалану және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шараға сала мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, студенттер мен оқытушылар қатысып, су ресурстарын басқару бағытындағы өзекті мәселелер мен тиімді тәжірибелерді талқылады.
Жиын барысында Қазақстанның су ресурстары шектеулі елдердің қатарына жататыны атап өтілді. Мамандардың айтуынша, еліміздегі орташа жерүсті су қоры шамамен 106 км³ болса, оның 44 пайызы көршілес мемлекеттерден келеді. Осыған байланысты су ресурстарын ұтымды пайдалану және үнемдеу мәселесі ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар, семинар барысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы ерекше екені айтылды. Мамандардың пікірінше, мұндай технологияларды кеңінен қолдану су ресурстарын тиімді басқаруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Семинар барысында су ресурстарын қорғау, экожүйелерді сақтау және қоғамда суды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру мәселелері де кеңінен талқыланды.


