Абай облысы әкімдігінде кеңейтілген аппараттық кеңес өтті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында облыс аумағындағы құрылыс нысандарының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастыру және мониторинг жүргізу барысы талқыланды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров пен мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жайық Орман баяндады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, облыста құрылыс саласына бақылау күшейтіліп келеді. Былтырғы мониторинг нәтижесінде 18 бюджеттік нысанда анықталған бұзушылықтардың 5-і толық жойылып, 5 нысанда жұмыстар жалғасуда.
Аймақ басшысы аталған мәселе бойынша нақты әрі жедел шешім қабылдаудың маңызын атап өтті.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс нысандарындағы құжаттарды заң талаптарына сай рәсімдеуді бақылауға алуды, анықталған бұзушылықтарды қысқа мерзімде толық жоюды, іске асырылмай қалған жобалық-сметалық құжаттамаларға талдау жүргізіп, олардың тиімділігі бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, бюджеттік жобалардың қаржысының тиімді игерілуін қамтамасыз ету, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясындағы медициналық нысандардың инженерлік желілерін заң талаптарына сәйкес рәсімдеу міндеті жүктелді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылыс нысандарындағы сапаны, нормативтердің сақталуын және жұмыс кестесінің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, мониторинг жұмыстарын жүйелі жүргізу тапсырылды.
Жиында аймақ басшысы мемлекеттік сатып алу жүйесінің маңызын атап өтіп, бұл бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
Айта кетейік, облыста мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сай сапалы өткізу мақсатында орталықтандырылған оқыту семинары өтті. Оған 585 адам қатысты.










