Семейде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті
Бүгін Семейдегі Абай атындағы театрда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Елім деп соқсын жүрегің!» атты салтанатты жиын өтті.
Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өңір жұртшылығын құттықтады. Аймақ басшысы ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген барша әскери қызметшілер мен құқық қорғау саласының өкілдеріне алғысын білдірді. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жан аямай күрескен майдангерлердің, тынымсыз еңбек еткен тыл ардагерлерінің ерлігі мен еңбегі ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы 36803 әскери бөлімінің командирі, полковник Мұрат Әкімбаевқа Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Сонымен қатар прокуратура органдарының құрметті ардагері, генерал-майор Жақсылық Байтұқбаев, «Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Ахмет Матаев, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Станислав Сәрсеков «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Мерекелік кеш барысында әскери-патриоттық және вокалды-хореографиялық композициялар қойылып, көрерменге театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Сахнада ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Семей филиалының әскери оркестрі, «Арлан» тобы, «Еркебұлан-Бауыржан» дуэті, облыстық филармония әртістері мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Өңірімізде әскери-патриоттық тәрбие беру ісі жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда облысымыздағы білім беру ұйымдарында 7 мыңнан астам жасөспірім «Жас сарбаз» қозғалысының құрамында тәрбиеленіп келеді. Жуырда Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласында өткен халықаралық әскери-спорттық жарыста Қазақстан намысын қорғаған облысымыздың «Абай қырандары» командасы жүлделі екінші орынды иеленді. Былтыр өңір бойынша ел шебін қорғауды абырой санайтын 9 794 жас әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанды.










