Абай облысында Жеңіс күніне орай ардагерлерге қандай төлемдер беріледі?
Абай облысында 2026 жылы Жеңіс күні қарсаңында азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Қолдау шаралары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысымен бекітілген жергілікті мәслихат шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда, көмек 1 382 адамға көрсетіледі. Төлемдердің жалпы сомасы 189 288,2 мың теңгені құрайды.
Ең жоғары мөлшердегі төлем Ұлы Отан соғысының ардагеріне қарастырылған. Өңірде мұндай санаттағы бір адам тұрады, оған
5 млн теңге (10 мың доллардан астам) төленеді.
216,2 мың теңге (50 АЕК – 216 250 теңге) көлеміндегі төлем бірнеше санаттағы азаматтарға беріледі. Атап айтқанда, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматқа (1 адам); концлагерьлерде, геттоларда және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарында болған бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындар (3 адам), жалпы сомасы 648,7 мың теңге; соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдардың қайтыс болған жұбайлары, екінші рет некеге тұрмаған (52 адам), жалпы сомасы 11 245,0 мың теңге; сондай-ақ соғыс жылдарындағы еңбегі мен әскери қызметі үшін КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған азаматтар (15 адам), жалпы сомасы 3 243,7 мың теңге.
Бұдан бөлек, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай еңбек еткен немесе әскери қызмет атқарған, бірақ мемлекеттік наградалары жоқ азаматтар жеке санатқа жатады. Облыста мұндай 1 302 адам бар. Оларға 129,7 мың теңге (30 АЕК – 129 750 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Жалпы қаржыландыру көлемі 168 934,5 мың теңгені құрайды.
Осылайша, бөлінген қаражаттың басым бөлігі ең көп санат болып саналатын тыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған.