Абай облысында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр
Семейдегі «Спартак» стадионында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, көрнекті спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда (Qazaqstan tv (Астана қаласы), «Абай облысы» (Абай облысы), Aqmeshit (Қызылорда облысы), Атырау (Атырау облысы), Kazmedia (Астана қаласы), Qareket (Жетісу облысы), «Семей» (Семей қаласы), Сетанта (Алматы қаласы), Тараз Пресс (Жамбыл облысы), Хабар (Астана қаласы), Шымкент (Шымкент қаласы), Bek sport (Астана қаласы) қатысып жатыр.
Амангелді Сейітхан атындағы «Seitkhan cup» республикалық турнирі 2022 жылы басталып, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Турнир бұған дейін төрт рет Алматы қаласында өтті. Биыл облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен тұлғаның туған жерінде, Абай елінде, тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы – Семей қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Турнирдің ашылу салтанатына белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстан спорт ардагерлері одағының төрағасы Елсияр Қанағатов, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, Амангелдіұлы Сейітханның бауыры Бауыржан Сейітхан және ұлы Бегасыл Сейітхан қатысты.
Жарыстың ашылуында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы Берік Уәли қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, турнирдің маңызына тоқталды.
Турнир барысында аймақ басшысы «Абай облысы» командасы сапында алаңға шығып, доп тепті.
Амангелді Сейітхан – қазақ спорт журналистикасын жаңа биікке көтерген, эфир мәдениетін қалыптастырған, тұтас бір буынға үлгі болған қайраткер тұлға. Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінде бастап, кейін қазақ телевизиясының тарихында алтын әріппен жазылған жарқын белестерге жетті.
Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін футзалдан БАҚ өкілдері арасындағы БАҚ лигада әріптестерімен доп тепті.










