Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
463.41 546.27 6.18

Абай облысында чек берілмеген жағдайда сатып алушының қалай әрекет етуі керектігі еске салынды

Бүгін, 12:17 018.kz

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде өңір тұрғындарына тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтары туралы еске салды.

Абай облысы бойынша МКД басшысының орынбасары Азамат Мұсабеков атап өткендей, төлем тәсіліне қарамастан — қолма-қол немесе қолма-қолсыз төлем кезінде — сатушы бақылау-касса машинасын (БКМ) қолдануға және фискалдық чек беруге міндетті. Құжат қағаз түрінде де, электронды форматта да ұсынылуы мүмкін.

Департамент өкілінің айтуынша, чек — сатып алу фактісін растайтын негізгі құжат. Ол сатып алушыға өз құқықтарын қорғауға, соның ішінде тауарды қайтаруға немесе айырбастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, чектің берілмеуі салық төлеуден жалтару әрекетінің белгісі болуы мүмкін, бұл мемлекетке де, адал бизнеске де зиян келтіреді.

Егер чек берілмесе, мамандар келесі әрекеттерді орындауға кеңес береді. Ең алдымен, сатушыдан фискалдық құжатты талап ету қажет. Егер одан бас тартылса, құқық бұзушылық фактісін тіркеу керек: сауда орнының мекенжайын, сатып алу күні мен уақытын, тауар атауын және сомасын көрсете отырып, фото немесе видео түсіру қажет. Мүмкіндік болса, сатушының ЖСН немесе БСН деректерін жазып алған жөн.

Осыдан кейін сатып алушы шағым жолдауға құқылы. Мұны eGov Mobile мобильді қосымшасындағы e-Otinish сервисі арқылы, сауда орны орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер органын таңдау арқылы жасауға болады. Сондай-ақ «Amian» мобильді қосымшасындағы «Сервистер» бөлімінде құқық бұзушылық туралы хабарлауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, аумақтық салық органына тікелей жүгінуге болады.

Департаментте чек бермегені үшін жауапкершілік туралы да еске салды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабына сәйкес, алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл салынады: шағын бизнес субъектілеріне — 20 АЕК, орта бизнеске — 30 АЕК, ірі бизнеске — 40 АЕК.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды мұқият болуға және әрдайым чек талап етуге шақырады. Өйткені бұл тек жеке құқықтарды қорғау ғана емес, сонымен қатар экономиканың ашықтығына қосылған үлес болып табылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив