Жарма ауданы әкімінің орынбасары тағайындалды
2026 жылдың 12 мамырынан бастап Берік Серікқанұлы Терлікбаев Жарма ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Берік Серікқанұлы Терлікбаев 1973 жылы 7 сәуірде бұрынғы Семей облысы Таскескен ауданындағы Қарақол ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «маркетинг және коммерция» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын «Таңсық» кеңшарының құрылыс бөлімінде жұмысшы болып бастаған. Әр жылдары Аягөз аудандық экономика, тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшысы, аудандық салық комитетінің аға салық инспекторы, бас салық инспекторы, сектор бастығы, «Горводканалстрой» КММ директоры, «Аягөз су» КММ директоры қызметтерін атқарған.
Шығыс Қазақстан облысы статистика департаменті басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болды.
2022 жылдан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды.