Семейде «Daryn Robotics Cup – 2026» республикалық турнирі бастау алды
Семей қаласында «Daryn Robotics Cup – 2026» республикалық турнирі бастау алды. Ауқымды білім додасы №50 ІТ-мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Шара Абай облысының білім басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы және «U-STEM Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен өткізілуде.
Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар қатысу барысында. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларынан және Абай облысындағы мектептерден жиналған 150-ге жуық команда бақ сынасады. Жарыс робототехника және дрон ұшыру бағыттары бойынша ұйымдастырылып отыр.
Шараның басты мақсаты - жасөспірімдердің инженерлік-техникалық қабілеттерін дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қажетті дағдыларды қалыптастыру. Сонымен қатар турнир қатысушылардың тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісетін болады.
Абай облыстық «Дарын» орталығының директоры Жадыра Ниязбекованың айтуынша, мұндай турнирлер өңірдегі робототехника бағытын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Жарысқа қатысушылар да өз жобаларын бірнеше ай бойы дайындағанын айтады. Павлодар қаласынан келген оқушылардың бірі роботты оқу жылының басынан бастап жасағандарын жеткізді.
Екі күнге созылатын турнир қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, халықаралық жарыстарға жолдама алады.




