Қазақстанда еңбек заңнамасы жетілдіріледі: Сенат жаңа заңды мақұлдады
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар күн тәртібіне шығарылған бірқатар заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат жұмыскерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуді, әлеуметтік әріптестікті дамытуды, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыруды және еңбек қатынастарының негізгі рәсімдерін нақтылауды көздейді.
«Қаралған заң ұлттық еңбек заңнамасын жетілдіруге арналған. Соның аясында жұмысшы мен жұмыс берушінің құқықтарын үйлестіруге арналған нормалар топтамасы қарастырылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың құзыреті бірқатар жаңа міндетпен толықты. Жалпы, заң елімізде еңбек адамдарының құқықтық кепілдігін күшейтіп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыра түседі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Нақты айтқанда, Еңбек кодексіне жұмыскерлердің заңды мүдделерін сақтау мәселелері бойынша бірқатар жаңа норма енгізіледі. Соның ішінде еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау қағидаттарын бекіту, жұмыскерлердің скринингтік зерттеулерден өту тәртібін айқындау және ауысым алдындағы медициналық тексеруге кеткен уақытқа ақы төлеу мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда жұмыскерді жазбаша түрде хабардар ету міндеті қарастырылды. Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске де толықтырулар енгізіледі. Соған сәйкес, жұмыскер тіркелген медициналық ұйым цифрлық технологиялар арқылы азаматтарға скринингтен өту қажеттігі жөнінде хабарлама жіберіп, скринингтен өтуге тиіс жұмыскерлер туралы мәліметті жұмыс берушіге жолдай алады.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Құжатты ратификациялау нақты сектордың әлеуетін арттырып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Айқын құқықтық тетіктер жоғары технологиялар саласына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті нығайтуға жол ашады. Бұл қадамдар стратегиялық серіктестікті тұрақты экономикалық өсу мүддесіне пайдалануға мүмкіндік береді.
«Келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуды көздейді. Заңда инвесторларға арналған құқықтық кепілдіктер, мемлекеттік қолдау шаралары және дауларды шешудің нақты тәртібі қарастырылған. Бұл келісім алдағы уақытта екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі дамытуға серпін береді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат мемлекеттік наградалар жүйесін және марапатқа ұсыну тәртібін жетілдіруге, олардың қоғамдық маңызын арттыруға, жаңа мемлекеттік наградаларды енгізуге және осы саладағы заңнаманы өзектендіруге бағытталған. Аталған заң арқылы жаңа ордендермен марапатталатын азаматтар санаты да айқындалады. Нақты айтқанда, «AL-FARABI» ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларында елеулі жетістікке қол жеткізген азаматтарға табысталады. Ал, «QOJA AHMET YASAUI» орденімен отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтар марапатталады. Бұдан басқа, қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметке елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау үшін «Мейірім» ордені тағайындалады.
Отырыста «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына сенаторлар сайланды.
Іс-шара барысында сенаторлар Үкіметке өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты бірқатар ауылдағы көлік қатынасына қатысты мәселелерді көтерді. Депутат аталған проблеманы шешу үшін №079/080 «Қарағанды – Маңғыстау» пойызы Сам және Тұрыш станцияларында қысқа уақытқа аялдауын енгізуді, сондай-ақ, бұл бекеттерді жаңа «Жезқазған – Маңғыстау» жүрдек пойызының бағытына қосуды ұсынды.
Ғалиасқар Сарыбаев елдің қорғаныс қабілеті мен төтенше жағдайларға дайындығын арттыру үшін әскери-дала жағдайында тиімді жұмыс істей алатын фельдшерлерді даярлау жүйесін қалыптастыру аса маңызды екенін айтып, осы бағытта бірқатар ұсыныс білдірді.
Руслан Рүстемов Сырдария өзені бассейніндегі су нысандарын пайдалану мәселесіне назар аударды. Ол республикалық бюджеттен немесе халықаралық ұйымдар арқылы 15 коммуналдық каналды бетондауға қаржы тарту және су шығынын үнемдеуге бағытталған шараларды қолға алу жөнінде ұсыныстар жасады.