Мақаншы ауданында «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы ауданындағы «Аягөз – Бақты» жаңа теміржол желісінің құрылысы жүргізіліп жатқан аумаққа барып, ондағы жұмыс барысымен танысты.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы ұзындығы 303 шақырымды құрайтын теміржол желісі Аягөз бен Бақтыны байланыстырады. Оның 85,3 шақырымы Мақаншы ауданы аумағы арқылы өтеді.
Жобаның негізгі мақсаты - Қазақстанның Қытай және Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерімен көлік байланысын күшейту, сондай-ақ Ресей мен Еуропа елдері және Қытай мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы транзиттік жүк тасымалын дамыту.
Құрылыс жұмыстарын Қытайдың «China Harbour Engineering Company Ltd» компаниясы жүргізуде. Темір жол құрылысының жалпы аумағында 1137 адам мен 740 техника жұмылдырылған. Жобаны 2027 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Оның аясында 69 көпір мен 359 су өткізу құбырын салу көзделген. Геодезиялық, геологиялық және гидрологиялық іздестіру жұмыстары аяқталып, қазір жобалық құжаттамаларды әзірлеу жалғасуда. Сонымен қатар, Ай, Шолпан, Үржар және Бақты аумақтарында вахталық қалашықтар дайындалған.
Теміржол желісі 43 жер пайдаланушының жалпы аумағы 846 гектардан асатын жер телімдері арқылы өтеді. Осыған байланысты мемлекет мұқтажы үшін арнайы акт рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ құрылысқа қажетті материалдарды өндіру үшін 9 карьер белгіленген. Оның ішінде бірнеше учаске ұзақ мерзімге жалға берілген жерлер аумағына кіреді.
Жоба аясында Бақты станциясы маңында құрғақ порт пен индустриялық және логистикалық аймақтарды дамыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, шекара маңындағы экономикалық белсенділікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы аталған жоба облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.










