Облыс әкімі Үржардағы коронарлық араласу орталығының құрылысымен танысты
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауылындағы көпсалалы орталық аудандық аурухана базасында салынып жатқан тері арқылы коронарлық араласу орталығының құрылыс барысымен танысты.
Аурухана іске қосылғанда Үржар, Мақаншы аудандары тұрғындарына ангиограф аппаратының көмегімен инсульт, миокард инфарктісі сияқты күрделі диагноздар бойынша жедел көмек көрсетіліп, жиырмаға жуық медицина қызметкері еңбек ететін болады.
Жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2024 жылғы 21 тамызда алынған. Нысанның жалпы сметалық құны 3 млрд теңгеден асады.
Қазір ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның 70 пайызға жуық бөлігі дайын. Жоспар бойынша құрылыс маусым айында толық аяқталмақ.
Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 1410 шаршы метрден асады. Орталық 14 кереует орынға арналған.
Аймақ басшысы медициналық инфрақұрылымды дамыту тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді көмек көрсету үшін маңызды екенін атап өтті.









