Қазақстанда 3 энергоблокқа, 25 қазандыққа және 11 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілуде
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев өткен жылыту маусымының қорытындысы және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық туралы баяндады.
Ержан Ертаевтың айтуынша, елімізде өткен жылыту маусымы штаттық режимде аяқталды. Былтыр 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станция жөнделіп, 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша тозу деңгейінің төмендеуі тіркелді:
- электр станцияларында – 53%-ға дейін;
- электр желілерінде – 66,2%-ға дейін;
- жылу желілерінде – 50%-ға дейін.
Жылыту маусымының қорытындысы бойынша бес ЖЭО қызыл аймақтан сары аймаққа, тағы үшеуі сары аймақтан жасыл аймаққа өтті.
Ержан Ертаевтың айтуынша, алдағы жылу беру маусымына дайындық басталды. Биыл электр станцияларында 9 энергия блокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 25 қазандықта және 11 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 1 энергия блогында, 4 қазандықта және 2 турбинада жұмыстар аяқталды.
Сондай-ақ 17 мың шақырымнан астам электр беру желілерін және 444 қосалқы станцияны жөндеу көзделген. Бүгінде 1,3 мың шақырымға жуық электр желісі, 91 қосалқы станция және 505 тарату пункті жөнделді.
Жылу желілері бойынша 2026 жылға арналған қайта жаңғырту және жөндеу жоспары 377 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта 170 шақырым жылу желісінде жұмыстар басталып, оның шамамен 3%-ы аяқталды.
Жөндеу науқанын іске асыру қорытындысы бойынша тозу деңгейін одан әрі төмендету күтілуде:
- электр станцияларында – 52%-ға дейін;
- электр желілерінде – 65,7%-ға дейін;
- жылу желілерінде – 48%-ға дейін.
Брифинг соңында Комитет төрағасы Энергетика министрлігі жөндеу науқанының барысына, энергия объектілерінің жай-күйіне және өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығына тұрақты бақылауды жалғастыратынын атап өтті.