Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
471.45 547.21 6.63

Абай облысында 43 волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істейді

Бүгін, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгінде Абай облысында волонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамып келеді. Өңірде 43 волонтерлік ұйым мен бастамашыл топ жұмыс істейді. Жалпы волонтер жастардың саны 5744 адамды құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев мәлімдеді.

Өңірдегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру мақсатында «Абай жастары» облыстық волонтерлер фронт-офисі тұрақты қызмет атқаруда. Аталған орталық жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, волонтерлік бастамаларды қолдауға және түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

– Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Атап айтқанда, «SOC KZ» қоғамдық қоры, «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қоры, «Ertis Region» қоғамдық қоры және ЮНИСЕФ-тің Шығыс өңірлік үйлестіру тобымен бірлескен іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.Бастамашыл топтармен жұмыс та өз деңгейінде жүргізіліп келеді, – дейді басқармасы басшысы.

Өткен жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20 мыңға жуық жас қатысып, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Сонымен қатар, облыс әкімінің мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін өткізілген байқауда «Жыл волонтері» номинациясымен 3 жас марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды.

– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында облыстың қала-аудандарында сенбіліктер, тазалық және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде өткізілуде. Атап айтқанда, «Таза аула», «Таза қала», «Таза жағалау», «Шоппер таңда» акциялары ұйымдастырылып, тұрғындарға экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта «Таза Қазақстан – жастар таңдауы» акциясы мен «Экологиялық сауаттылық» тақырыбындағы іс-шаралар жалғасады, – дейді спикер.

Облыс әкімі Берік Уәлиұлының қолдауымен Халықаралық волонтерлер жылы аясында іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға арналған жобалық ұсыныс әзірленіп, тиісті қаржы бөлінді.Жоба аясында 100 жас волонтер арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде бас киім, күртеше, қолшатыр, пауэрбанк, рюкзак және футболка қарастырылған.

– Бұдан бөлек, өңірде «ERTIS VOLUNTEER FORUM – 2026» халықаралық волонтерлер форумын өткізу жоспарланып отыр. Форум аясында еліміздің әр өңірінен және шетелден келетін волонтерлер, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері тәжірибе алмасып, волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды талқылайды, – деп атап өтті Олжас Бейсенбаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив