Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер таныстырылды
Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің жетекшісі Татьяна Савельеваның төрағалығымен Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері таныстырылды. Отырысқа палатаның вице-спикері Дания Еспаева, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиында Дания Еспаева Үкіметтің есебі алғаш рет пилоттық форматта жаңа Бюджет кодексіне сәйкес құрылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік инвестициялық жобалар, бюджеттен тыс қорлар және квазимемлекеттік сектор бойынша қосымша талдамалық материалдар қосу мемлекеттік қаржыны неғұрлым кешенді түрде қарауға бағытталған маңызды қадам болды.
– 2025 жылы республикалық бюджеттің кірісі 336 млрд теңгеге атқарылған жоқ. Жыл ішінде бюджет 8 рет түзетілді. Бюджет параметрлерінің осылайша жиі өзгеру себептерін жан-жақты талдап, бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығы мен сапасы бойынша бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттілігін бағалау қажет, - деді вице-спикер.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, республикалық бюджет түсімдері 98,8%-ға орындалып, 21,4 трлн теңгені, шығыстар – 25,4 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге немесе Ішкі жалпы өнім бойынша 2,5% деңгейінде. Кіріс жоспары негізінен корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығы түсімдерінің төмендеуіне байланысты 336 млрд теңгеге орындалған жоқ. Қаржы вице-министрі оның себептерінің қатарында мұнай мен металдардың әлемдік бағасының төмендеуін, экспорт көлемнің қысқарғанын, кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер өскенін, сондай-ақ геосаяси жағдайдың әсерін тілге тиек етті.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Юлия Энгельдің айтуынша, 2025 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты өткен жылдың деңгейінен 1,7 есе асып түсті. Сондай-ақ ұлттық жобаларды жүзеге асыру, бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігінің жоғарылығы, мемлекеттік қарызды өтеу шығыстарының өсуі және квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығының жеткіліксіздігі мәселелері атап өтілді.
Баяндамашылардың есептерін тыңдаған Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдеріне нақтылайтын сұрақтар қойды. Депутат Болатбек Нажметдинұлы бұрын міндеттемелерді бұзуға және орындамауға жол берген ұйымдарға мемлекеттік тапсырмалар тетігі арқылы қаражатты қайта бөлу туралы мәселе көтерді.
– Мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сұрақ қойдым. Неліктен Бюджет кодексінің нормаларынан жоғары болатын қорытындылар беріледі? Не себепті Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі жыл сайын осынша қаражатты бір бағыттарға мемлекеттік тапсырмалар тетігі арқылы жібереді? Бұл мәселеге қатысты қандай шаралар қабылдануда? – деп сұрады депутат.
Бұған жауап ретінде Дәурен Темірбеков жаңа Бюджет кодексі шеңберінде мемлекеттік тапсырмалар тетігі жетілдірілгенін, ал 2025-2026 жылдардағы бюджеттерде осы бағыт бойынша қаржыландыруды қысқарту көзделгенін түсіндірді.
Сонымен қатар Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева кәсіпкерлердің банк шоттарынан қолма-қол ақша алуына шектеулерді қатаңдату жөніндегі ұсынысқа назар аударып, мемлекеттік бюджеттің атқарылуындағы осындай шаралардың себебін білгісі келді. Депутат Наталья Дементьева «Жайлы мектеп» жобасының қысқаруына, Ақмола облысындағы үш ауысымды мектептерге қатысты проблемаларды қозғап, бұл жағдайдың себептерін және оны шешу үшін қабылданып жатқан шараларды түсіндіруді сұрады. Депутат Наурыз Сайлаубай азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштері, бұрын бөлінген қаржыландыру туралы ақпараттар, жалпы Қолжетімді баспана бағдарламасына қатысты деректердің ашықтығы жеткіліксіз екенін атап өтті. Вера Ким салық келісімшарттары мен қайтарымдар көрсеткіштерін түсіндіру қажеттігіне назар аударды. Депутат Нұржан Әшімбетов ауыл шаруашылығы субсидиялары бойынша берешектер, олардың уақытылы төленбеуі, сондай-ақ оларды бюджеттен уақытылы қамтамасыз етудің орнына жыл сайын осындай қарыздардың жинақталып қалуының себептері туралы сұрақ қойды.
2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қарау Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің жетекшілігімен өтетін жұмыс топтарының отырыстарында жалғасады.