Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
471.45 547.21 6.63

Астанада отандық өндірушілердің «ULTTYQ ÓNIM – 2026» атты ірі көрме ашылды

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

EXPO халықаралық көрме орталығында қазақстандық өндірушілердің жыл сайынғы IX «Ulttyq ónim – 2026» көрмесі басталды. Биылғы көрме осы уақытқа дейін өткізілген көрмелердің ең ауқымдысы.

Көрме алаңында Қазақстанның барлық өңірінен келген 600 тауар өндіруші өз өнімін ұсынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік артық.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Көрменің ашылуында Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің үндеуін оқыды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканың өсуіне тың серпін беріп отырған шағын және орта бизнесті дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен оған қолайлы жағдай жасауға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге және еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылуда», — делінген Олжас Бектеновтің үндеуде.

Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту перспективалары атап өтілді. 

«Жаңа Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Отандық тауар өндірушілер осы аталған қағидаттарды жүзеге асырудың жарқын үлгісі болып отыр. Кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін өндірістік бастамаларды, оның ішінде импортты алмастыру мен экспорттық әлеуетті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту ісі жалғасын табады», — деп атап көрсетілген Премьер-министр сөзінің мәтінінде.

Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының ішінде бизнестің қаржыландыруға және жеңілдетілген несиелеу құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылады. 2025 жылы «Даму» қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған. Осының арқасында 13 мың ШОБ жобасы жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге мемлекеттік қолдау шарасымен қамтылып отыр. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашылып, өнім шығарудың 27,7 трлн теңгеге және салық түсімінің 2 трлн теңгеге жуық өсуін қамтамасыз етті.

Экономиканың нақты секторын дамытудың негізгі тетігінің бірі «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы деп аталады. Оның негізгі міндеті – импортқа тәуелділігі жоғары салалардағы жобаларды қолдау және ішкі нарық пен экспортқа бағдарланған жаңа өндірістер құру.

Бағдарламаны жүзеге асыруда «Бәйтерек» холдингінің институттары мен «Даму» қорына басты рөл берілген.

«Кәсіпкерлерді қаржыландыру мен қолдаудың қолжетімділігін арттыру үшін "Даму" қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының жабдықтарын жаңғырту үшін "Өрлеу" және "Өрлеу-лизинг" жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы қолдаудың нарықтық тетіктерін күшейтті. Сондай-ақ "Іскер аймақ" бағдарламасы жүзеге асып жатқан шағын қалалар мен ауылдарда микро және шағын бизнесті кешенді қолдау бағдарламасын іске қосты. Қордың өңірлік филиалдарының базасында біз "Бәйтерек" холдингінің бизнесті қолдаудың барлық бағдарламалары бойынша бірыңғай фронт-кеңселер құрдық, ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-кеңсе мақсатындағы арнайы шағын автобустар іске қосылады, онда мамандар кәсіпкерлерге кеңес беру үшін шалғай аудандарға баратын болады», — деп атап өтті «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.

Қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді сүйемелдеуге ерекше назар аударылады. Осыған байланысты «Даму» қоры жанынан «оңалту орталықтары» құрылуда. Онда бизнес тұрақтылығын қалпына келтіру үшін қаржылық, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау ала алады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан вице-премьер отандық кәсіпкерлерге елдің экономикалық әлеуеті мен беделін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Серік Жұманғарин көрмені аралап көріп, еліміздің түрлі өңірінен келген бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты.

Павлодарлық «Феникс» жиһаз фабрикасы әлеуметтік және коммерциялық нысандарға арналған мектеп жиһазын, кеңсе креслосы мен орындық шығарады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын жаңа жабдықтар сатып алып, өндірістік қуатын кеңейткен. Қызметкерлер қатары 15-тен 60 адамға дейін көбейген. Бүгінде зауыт жылына 60 мыңға дейін орындық, 40 мыңға жуық мектеп жиһазы мен 7 мың кеңсе креслосын шығарады. Кәсіпорын өнімі бүкіл ел бойынша білім беру мекемелеріне жеткізіледі.

Сондай-ақ вице-премьер Қазақстанда өсімдік негізіндегі экологиялық таза тұрмыстық химия өндірушісі – Қарағанды облысынан шыққан «WEC TRADE» ЖШС өнімдерімен танысты. 2016 жылы автохимия шығарудан бастап, бүгінде WEC бренді тұрақты даму және экологиялық жауапкершілік қағидаттарына сәйкес келетін адам мен қоршаған ортаға қауіпсіз өнімдер шығарады.

Вице-премьер сыртқы инженерлік желілерге арналған жабдықтардың жетекші қазақстандық өндірушісі – TAZAU тазарту құрылыстары зауытының қызметіне ерекше назар аударды. Кәсіпорын он жылдан астам жұмыс істеп, Қазақстан мен ТМД елдерінің аумағында жобаларды жүзеге асыруда. Сарқынды суларды тазарту саласында шешімдер жасайды.

«Ulttyq ónim – 2026» көрмесі ЭКСПО ХКО-да 24 мамырға дейін жалғасады. Осы күндер бойы ол B2B-кездесулер, панельдік сессиялар, шеберлік сыныптары мен қазақстандық бизнестің жетістіктерін көрсету үшін тиімді алаңға айналады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив