Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
471.45 547.21 6.63

Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА Кеңесінің отырысына және 60-пленарлық отырысына қатысты

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Санкт-Петербург қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына және мерейтойлық 60-пленарлық отырысына қатысты.

Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА Кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан Парламенті дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған және республикалық референдумда азаматтар қолдау білдірген жаңа Конституцияны қабылдау аталған ауқымды жаңғырудың негізі екенін де жеткізді.

Сондай-ақ реформалардың жоғары легитимдігі мен халықаралық стандарттарға толық сәйкестігін шетелдік байқаушылар, оның ішінде ТМД ПАА-ның беделді миссиясы растағанына мән берді.

«Қазақстанда биылғы 15 наурызда жаңа Конституция қабылдау бойынша республикалық референдум өтті. Соның нәтижесінде азаматтарымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдің жаңа Ата Заңын қабылдау жөніндегі бастамасын қолдады. Референдум мен дауыс беру үдерісі ашық, жария әрі халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылды. Дауыс беру барысын көптеген халықаралық байқаушылар қадағалады. Солардың ішіндегі ең беделді топтардың бірі – ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар миссиясы екенін атап өткен жөн. ТМД ПАА делегациясының халықаралық байқаушы ретінде қатысуы біз үшін айрықша маңызға ие. Миссия жұмысы дауыс берудің ашықтығы мен легитимдігін тағы бір мәрте айқындап, референдумға объективті баға беруге ықпал етті», – деді Сенат Төрағасы.

Палата Спикері құрамына 58 депутат пен сарапшы енген ТМД ПАА миссиясына сындарлы ұстанымы мен үдерісті тиімді үйлестіргені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан байқаушылардың жұмысын Достастық кеңістігіндегі сайлау үдерістерін жетілдіруге қосылған маңызды үлес деп бағалайтынын тілге тиек етті.

Ассамблеяның 60-пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Мәулен Әшімбаев 2026 жыл ТМД кеңістігі үшін ерекше символдық мәнге ие екенін айтты. Биыл желтоқсан айында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрудың саяси-құқықтық негізін қалаған, оның басты қағидаттарын айқындап, сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашқан Алматы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толады.

«Алматы декларациясы бүкіл Еуразия кеңістігінде ынтымақтастықтың жаңа келбетінің қалыптасуына бастау болды. Былтырғы қазан айында Душанбеде өткен ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру», – деді. Осы орайда Достастық аясында сенім мен өзара құрметтің сақталып, нығая түсуі ерекше құндылық екені анық. Қазіргідей жаһандық тұрақсыздық жағдайында парламенттік дипломатияның рөлі арта түскенін көріп отырмыз. Сондықтан осы ынтымақтастықтың қарқынын сақтап, мемлекеттеріміздің игілігі жолында парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы ТМД ПАА қызметінің негізгі бағыттарына да тоқталып, модельдік заңнаманы дамыту маңызды басымдықтардың бірі екеніне назар аударды.

«Адам құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы модельдік заңнаманы дамыту – біздің өзара ықпалдастығымыздың маңызды бағыты. Қазақстан Парламенті Сенатының бастамасымен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» модельдік заң жобасы әзірленді. Құжат ТМД ПАА-ның құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясымен, сарапшылар қауымдастығымен және Достастық елдерінің Парламенттерімен ынтымақтаса отырып дайындалды. Адам құқықтарын қорғауға, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды заң жобасын әзірлеуге кәсіби тұрғыда атсалысып, диалогқа ашық болған барлық әріптеске шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, ТМД ПАА-ның пленарлық отырысында барлық қатысушы мемлекеттің қолдауының нәтижесінде Қазақстан бастамашы болған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды.

Сондай-ақ Ассамблея алаңында Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесті. Кездесуде аймақаралық байланыстарды нығайту перспективалары талқыланды. Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолындағы оң тәжірибеге назар аударып, экономикалық, саяси және мәдени серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екендерін жеткізді.

Қазақстан Сенатының Төрағасы Түрікменстан Мәжілісінің Төрағасы Дуньягозель Гулмановамен де кездесті. Онда екі ел басшылары қол жеткізген келісімдердің іске асырылуын парламенттік деңгейде белсенді қамтамасыз етудің маңызы сөз болды. Әсіресе, денсаулық сақтау, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы бірлескен жобаларға баса мән берілді.

Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері, сондай-ақ, көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Нақты айтқанда, сумен қамтамасыз ету, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және азық-түлік қауіпсіздігі секілді салаларды қолдаудың маңызы кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика кеңесінің Төрағасы Наталья Кочановамен, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрағасы Сагиба Гафаровамен және Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси намояндагон Төрағасы Файзали Идизодамен кездесті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив