Cемей18°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
470.8 545.99 6.6

Абай облысында өрт қауіпсіздігі мен «ӨРТ-2026» оқу-жаттығуларына дайындық күшейтілуде

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі бар маусымның өтуі, сауда нысандарының жағдайы мен базарларды жаңғырту мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бауыржан Аринов, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының басшысы Қазбек Әметов және кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.

Өрт қаупі бар кезең басталғалы облыс аумағында жалпы көлемі 45 гектарды құрайтын 19 орман өрті тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға төмен. Қазір өңірде 38 ведомствоаралық мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Рейдтік іс-шаралар барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 77 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,1 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Облыста ғарыштық мониторинг пен авиациялық бақылау ұйымдастырылған. Сонымен қатар «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған 76 өрт бекеті жұмыс істейді. Биыл тағы 45 бекетті ашу және жаңғырту жоспарланған.

Жиында «Семей орманы» резерватының өрт қаупі бар кезеңдегі жұмысы да қаралды. Қазір резерватта 30 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді. Өрт сөндіру қызметінде 726 адам еңбек етеді.

Соңғы жылдары материалдық-техникалық база айтарлықтай жаңартылған. Биыл өрт сөндіру жабдықтары мен байланыс жүйелерін жаңартуға қаржы бөлінді. Сонымен қатар 33 экшн-камера, 35 дүрбі және 1 квадроцикл сатып алу жоспарланған. Лизингтік бағдарлама арқылы 35 патрульдік автокөлік пен 5 квадроцикл алу көзделіп отыр.

Аймақ басшысы аппараттық кеңесте Төтенше жағдайлар департаментіне рейдтік жұмыстар мен мониторингті күшейтуді, «ӨРТ-2026» оқу-жаттығуларын жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.

«Абай облысында өрт қаупі бар кезеңнің өтуі ерекше бақылауда тұр. Соңғы жылдардағы табиғи-климаттық жағдайлар, күннің күрт ысуы және құрғақшылық факторлары алдағы уақытта орман мен дала өрттерінің туындау қаупін күшейте түсуі мүмкін. Осыған байланысты барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлесімді әрі жедел жұмысы аса маңызды. Бұл бағытта Төтенше жағдайлар департаменті негізгі үйлестіруші органдардың бірі ретінде тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс атқарып, өрттің алдын алып, күштер мен құралдардың дайындығын қамтамасыз етумен қатар елді мекендер мен орман алқаптарында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ, табиғи өрт туындаған жағдайда жедел әрекет ету жұмыстарын ұйымдастыру керек. Сонымен қатар, «Семей орманы» резерватымен тұрақты өзара іс-қимылдың маңызы ерекше», – деді Берік Уәли.

Жиында қала және аудан әкімдіктеріне минералдандырылған жолақтарды уақтылы әзірлеу, өрт сөндіру бекеттерін жаңғырту, қоқыс полигондарын өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендіру, ауыл шаруашылығы алқаптарындағы өрт қаупін бақылауды күшейту және жарамсыз техникаларды қысқа мерзімде жөндеу міндеті қойылды. Табиғи ресурстар басқармасы мен «Семей орманы» резерватына орман өртін ерте анықтау жүйесін жетілдіру, патрульдеу мен мониторингті күшейту, суаттар мен минералдандырылған жолақтарды күтіп-ұстау, сондай-ақ, байланыс жүйелерін жаңғырту бойынша нақты шаралар қабылдау жүктелді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив