Абай облысында 6 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді
Бүгін Абай облысының мектептерінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты шаралар өтуде. Биыл өңірде 100 мыңнан астам оқушы оқушы оқу жылын аяқтады, оның ішінде 6065 түлек 11-сыныпты тәмәмдап отыр. 438 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.
Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы №50 ІТ-мектеп-лицейінде өткен салтанатты шараға қатысып, өңірдегі мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздар мен ата-аналарды мерейлі мезетпен құттықтады.
Аймақ басшысы соңғы қоңырау шарасынан кейін мектеп оқушыларының шығармашылық жетістіктері қойылған көрмені тамашалап, әртүрлі үйірмелердің жұмысымен танысты.
Биыл аталған білім ордасын 60 түлек аяқтап отыр. Олардың қатарында 3 «Алтын белгіге» және 5 үздік аттестатқа үміткер бар. №50 ІТ-мектеп-лицейі оқу жылын жоғары нәтижемен қорытындылады. Білім ордасының 332 оқушысы халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада, жарыс және сайыстардың жеңімпазы атанды.
Облыста білім саласының инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өңірде Президент тапсырмасына сәйкес 5 «Келешек мектебі» мен Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Семей қаласындағы екі мектепке қосымша ғимараттар салынуда. «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы «Келешек мектебін» салуды жоспарлап отыр.








