Облыстық кадр комиссиясының отырысы өтті
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен облыстық кадр комиссиясының отырысы өтті. Жиында өңірдің жергілікті атқарушы органдарындағы бос лауазымдарды толтыру және Өңірлік кадр резерві мүшелерін жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қызметшілерді оқыту және тағылымдамадан өткізу және жергілікті атқарушы органдарға бағынысты ұйымдарды 2026 жылы «Бірыңғай кадр жүйесіне» қосу мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұржан Есенжолов баяндады.
Қазіргі таңда кадр мәселесі – мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзекті бағыттардың бірі. Өңірлердегі бос лауазымдардың ұзақ уақыт бойы толтырылмауы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасына, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігіне және жалпы жұмыс қарқынына тікелей әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес қазіргі таңда кәсіби, бәсекеге қабілетті және меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы тұрғыда Өңірлік кадр резервіне өткен жас және білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту маңызды.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілер үшін «Бірыңғай кадрлық жүйе» енгізілуде. Бұл бастама – мемлекеттік қызмет саласындағы кадрлық процестердің ашықтығын және тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды реформалардың бірі.
Облыс әкімі отырыста басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне кадр резервшілерін тиімді орналастыруды, бос лауазымдарды қысқа мерзімде толықтыруды және ауылдық жерлердегі бос орындарға жас мамандарды тарту жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға бағынысты ұйымдарда «Бірыңғай кадр жүйесіне» енгізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.







