Окоптағы шыңдалу — жас сарбаздың жауынгерлік рухын көтереді
Абай гарнизоны әскери бөлімдеріндегі жас сарбаздардың жауынгерлік даярлығын шыңдауға бағытталған кешенді тактикалық жаттығулар өтті. Әскери өмірге енді ғана бейімделіп жатқан сарбаздар окоп ішінде жатып, танк астынан өту, гранатаны дәлдікке лақтыру және кедергі жолағынан өту секілді маңызды әскери дайындық кезеңдерінен сүрінбей өтті.
Жаттығудың басты мақсаты – жас буын сарбаздардың моральдық-психологиялық дайындығын нығайтып, жауынгерлік рухын көтеру. Бір ай көлемінде әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп келе жатқан сарбаздар үшін мұндай тәжірибелік сабақтардың маңызы зор. Себебі теория жүзінде алған білімдерін іс жүзінде орындау арқылы олар шыдамдылыққа, батылдыққа және тәртіпке машықтанады.
Әсіресе танк астынан өту мен кедергі жолағынан өту кезеңдері сарбаздардың бойындағы қорқынышты жеңіп, сенімділігін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар әскери қызметшілер автоматты шашып-жинау және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша алған білімдерін тәжірибе барысында нақты көрсете білді.
Жас сарбаз Асқар Абайхановтың айтуынша, мұндай жаттығулар олардың әскери ортаға тез бейімделуіне және Отан алдындағы борышты абыроймен атқаруға деген жауапкершілігін күшейтеді. Қорыта айтқанда, Отан қорғау жолындағы алғашқы қадамдарын нық басқан жас сарбаздар үшін бұл жаттығулар нағыз шыңдалу мектебіне айналып отыр.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі







