26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай Абай облысында арнайы подкаст ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – жастар арасында есірткінің зиянын түсіндіру, синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу және қоғам назарын өзекті мәселеге аудару.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша есірткіге қатысты 100-ге жуық қылмыс тіркелген. Сонымен қатар 20 адам ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде. Заңсыз айналымнан 220 келіге жуық түрлі есірткі заттары тәркіленген.
Абай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Думан Үкіжанов қазіргі таңда синтетикалық есірткінің аса қауіпті болып отырғанын атап өтті.
Дәрігер-нарколог Сергей Воробьев жастар арасында есірткіге қызығушылықтың әлі де жоғары екенін айтты.
Подкаст барысында есірткіден зардап шеккен азамат өз өміріндегі қиын кезеңдерімен бөлісті.
Мамандардың айтуынша, жастар көбіне әлеуметтік орта, психологиялық қиындықтар және жеңіл ақша табуға ұмтылу салдарынан есірткі қылмысына араласып кетеді. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы «курьер жұмысы» деген атпен заңсыз тасымалдауға тарту жағдайлары көбейген.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша ауыр жаза қарастырылған. Жыл басынан бері облыс бойынша 700-ге жуық есірткі сайты бұғатталған.
Подкаст соңында мамандар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, күмәнді ұсыныстардан сақ болуға және есірткінің болашағына қауіп төндіретінін ұмытпауға шақырды.