Сенат Төрағасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасымен кездесті
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті.
Мәулен Әшімбаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіре келіп, Қытайдың солтүстігінде орналасқан Шаньси өлкесіндегі көмір шахтасында болған газ жарылысы салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Кездесу барысында Сенат Төрағасы екі ел басшыларының достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор ықпалын тигізіп отырғанын атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту мақсатымен екіжақты форматта және көпжақты алаңдарда тұрақты әрі белсенді диалог жүргізіп келеді. Былтыр мемлекеттеріміздің басшылары Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммиті мен Тяньцзинь қаласындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті аясында екі рет мазмұнды кездесу өткізді. Біз бұл кездесулердің нәтижесін жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ парламентаралық байланысты дамыту бағытында да тиісті шаралар қабылданып жатқанын ерекше атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар тараптар теңқұқықты көпполярлы әлем қалыптастыру және стратегиялық серіктестікті дамыту жолындағы бірлескен жаһандық бастамалардың маңызына тоқталды. Осы орайда Сенат Төрағасы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған бастамаларға назар аударды. Атап айтқанда, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығын» құру туралы тұжырымдамасының қазіргі халықаралық жағдайда өзектілігі артып келе жатқанына мән берілді.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға назар аударып, парламенттік реформаның маңызы мен негізгі міндеттеріне де тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформалардың басты мақсаты – саяси жүйені жаңғыртып, қазіргі заман талаптары мен сын-қатерлеріне сай тиімді басқару моделін қалыптастыру. Жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуына жол ашқан дер кезінде жасалған стратегиялық қадам болды», – деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Бейжіңде өткен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің дәстүрлі «Екі сессия» отырыстарының нәтижелі болғанына назар аударды. Сенат Төрағасы бұл саяси оқиға Қытайдың даму жолындағы маңызды кезең саналатынын тілге тиек етті. Оның басты нәтижесі 2026-2030 жылдарға арналған 15-бесжылдық жоспардың бекітілуі екені де назардан тыс қалған жоқ. Аталған құжат елді жаңғыртудың 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясын айқындайды.
Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру үдерісіне жоғары баға беріп, Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Тараптар кездесуде парламентаралық ықпалдастықты әрі қарай дамыту перспективаларын, сондай-ақ, алдағы кезеңде бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктерін де талқылады. Нақты айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету, агроөнеркәсіп, тау-кен металлургиясы, инфрақұрылым сияқты түрлі саладағы жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері әңгімеге арқау болды.