Облыс әкімі Көкпекті ауданындағы Ажа ауылының тыныс-тіршілігімен танысты
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Көкпекті ауданына барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты.
Облыс әкімі әуелі аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан Ажа ауылында болып, спорт модулі, мәдениет үйі мен мешітті көрді. Ерекше атап өтерлігі, үш нысанды да осы елді мекеннің тумасы Қайрат Кенжебаев ауылдастарына сыйға тартқан.
Жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайтын спорт нысаны барлық қажетті спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Ғимарат 2025 жылы салынған, биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары мұнда қазақ күресі, баскетбол, волейбол, футболмен шұғылдануға мүмкіндік алады. Заманауи спорт кешені тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына және спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді.
Ал Ажа ауылындағы мәдениет үйі былтыр ашылған. Шағын елдімекен тұрғындары үшін салынған заманауи мәдениет ошағы ауылдың рухани-мәдени өміріне тың серпін берген. Жаңа клуб ғимараты тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге және жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға септігін тигізеді. Қайрат Кенжебаев бұдан бөлек ауылға балалар ойын алаңы мен футбол алаңын салған. Келесі жылы балабақша салуды жоспарлап отырғанын айтты.
Облыс әкімі ауылда елді мекен тұрғындарымен пікірлесіп, мәселелеріне назар аударды. Тұрғындар ауыз су мәселесі өзекті болып тұрғанын жеткізді. Аймақ басшысы туған жерге туын тігіп, ауылын көркейтуге үлесін қосып жатқан кәсіпкер Қайрат Кенжебаевқа ризашылығын білдірді.










