Көкпекті ауданында спорттық-мәдени шара өтіп жатыр
Бүгін Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті ауылында «Көпесов Қонысбай ата – ел рухы, ұрпаққа үлгі» атты спорттық-мәдени шара өтіп жатыр.
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, Көкпекті өңірінің тумасы Қоныспай Көпесұлының 100 жылдығына арналған республикалық спорттық және мәдени-танымдық іс-шара салтанатты түрде ашылды. Оған облыс әкімі Берік Уәли қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Көпесов Қонысбай ата – ел рухы, ұрпаққа үлгі» атты спорттық-мәдени шара аясында ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс ұйымдастырылуда.
Ақсуат ауданы шекарасынан бастау алған «Толағай тұлпары» Ұлы аламан бәйгесі 100 шақырымды қамтыды. Дүбірлі додаға Қырғызстаннан, еліміздің Маңғыстау, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және өзге де өңірлерден жүйріктер қатысты. Бірінші орынды Маңғыстау облысының тұлпары Бесжүйрік иеленіп, Changan көлігі берілді. Екінші орын Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының жүйрігі Құлагерге, үшінші орын Қостанай облысының сәйгүлігі Жиренқасқаға бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанатына облыс әкімі қатысып, арнайы сыйлықтар мен марапаттарды табыстады.
Сонымен қатар, шара аясында Аламан бәйге (25 шақырым) және Топ бәйге (15 шақырым) бойынша жарыстар өтті.










